Мүгедек отбасы баспанаға ие болды

0

Ақтөбеде отбасылы мүгедек жандардың баспаналы болу арманы Жаңа жыл қарсаңында орындалды.

Жаңа жыл қарсаңында Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев ерлі-зайыпты Есқалиевтерді құттықтады.

Ерлі-зайыпты Марал мен Наталья – бірінші және екінші топтағы мүгедек жандар, алайда олардың өмірі таңғалуға және қолдауға тұрарлық.

Олар адам табандылықпен және жұмыспен қиындықты жеңе алатындығына, тіпті мүгедектіктің ауыр түрі үкім емес екеніне дәлел.

Марал Есқалиев: «Мен қарттар мен мүгедектер интернат үйіне 2012 жылы көлік апатына ұшырағаннан кейін келдім. 2015 жылы сонда Натальямен танысып, кейін отбасын құрамыз деп шештік. Интернат үйінің басшылығы бізге бөлме берді. Сонда тұрдық», — деп есіне алды.

Бір жылдан кейін Наталья тігін машинасын алып, тапсырыспен төсек-орын жабдығын тіге бастайды. Сол кезде интернат үйінде жанұяға бір бөлме берілген.

«Осы уақытқа дейін біз баспанаға жинадық, 3 млн теңге жиналды. Кейін жергілікті билікке өтініш білдіріп, олар бізді қолдады да демеуші тауып берді. Сөйтіп, «Қазхром» ТҰК» тағы 5 млн теңге берді. Үйді өзіміз таңдадық, қала орталығында бірінші қабатта орналасқан екі бөлмелі пәтер. Бізге орналасқан жері, ауданы ұнады. Мұнда жақын жерде желекжол бар, қыдыруға болады»,- деп Есқалиевтердің отағасы сөзін жалғастырды.

Облыс әкімі бақытты жаңа қоныс иелерін осындай маңызды оқиғаларымен және келе жатқан Жаңа жылдарымен құттықтады. Оларға күш-қуаттарын, оптимизм мен рухани сергектікті ұзақ жылдар бойы сақтауды тілеп, Марал Есқалиевке заманауи мүгедектер арбасы мен үйдің отанасына тұрмыстық техника сыйлады.

«Қамшы» сілтейді