Мұғалімді аяусыз соққыға жыққан ата-анаға қатысты сот басталды
Үш сағатқа созылған сотта сөз сөйлеген ұстаздар Митрошенко тарапынан болған оқиғаны бүге-шігесіне дейін тарқатып айтумен болды.
Алматы облысында ұстазды соққыға жыққан ата-анаға қатысты сот басталды. Сот залы бүгін мұғалімдерге лық толды. Өзгенің баласын оқытамын деп жүріп таяқ жеген әріптестеріне қолдау көрсете келіпті. Кенен Әзірбаев атындағы № 15 мектепте орын алған оқиға тек сол білім ошағының ғана емес, барша ұстаздар қауымының наразылығын тудырды. Қылмыстық оқиғаға күдікті саналған азаматшаның ісі сотқа жыл өткен соң ғана жетіп тұр. Бұл туралы zakon.kz, Алматы телеарнасы берген ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
«Біріншіден, балам үшін кек алдым. Сен осы мектепте істемейсің дедім бе, жұмыс істемейсің! Біз оп-оңай ұра саламыз, уайымдамаңыз!», деп мектепке баса-көктей кірген әйелдің айғайға басып, білім ордасын балағатқа батырған сәті мектептің бейнебақылау камерасына түскен. Өзін зор, мұғалімдерді қор санаған ата-ана сабаққа кедергі келтірген ұлына ескерту жасаған ұстаз Гүлзира Байділдаеваны ақыры соққыға жығып барып, жаны жай табады. Оқиға былтыр қыста болған.
«Митрошенко Надежда Павловнаға қатысты ҚР ҚК 107-бабының 1-тармағымен қозғалған қылмыстың істің сотын ашық деп жариялаймын», – деген судья сот отырысын ашық деп жариялады.
Судья мен прокурор болған жайтты жариялаған соң әдеттегідей зардап шегуші мен куәгерлерден жауап алынды. Үш сағатқа созылған сотта сөз сөйлеген ұстаздар Митрошенко тарапынан болған оқиғаны бүге-шігесіне дейін тарқатып айтумен болды.
«Оқиға бірден болып кетті. Гүлзира Өтегенқызы жерде құлап жатты. Шашынан тартып ұрғанын көрдім. «Қолдарыңнан ештеңе келмейді сендердің. Кім маған осылай тисетін болса, менің балама, қызыма қатысты қайсібірің, қай пән мұғалімі болсын, қарсы сөйлейтін болса, осындай күйге түседі. Мен дәл осылай ұрып кетемін» деді», «Мен оны ұру үшін келдім. Мен оны міндетті түрде ұрамын» деп айтты маған. Бұл жағдай былтыр 13 қаңтарда болған», «Қолын сермеп, «мен бәріңе көрсетемін» деді. Сол сәтте оған қандай да бір тоқтау немесе басқа бір нәрсе айту мүмкін болмады», дескен мұғалімдер өз көргендерін тізіп айтып берді.
Ашулы ата-ана мектепке бірнеше рет келіп, 6-сыныптағы ұлына ескерту жасаған ұстазды ұратынын арнайы ескерткенімен, мұғалімдер қол көтереді деп ойламадық деді. 12 жыл биология пәнінен сабақ берген ұстазды сұлатып түсірген Митрошенко кейін кешірім де сұрамай, керісінше, қозғалған істі тоқтатуға күш салды деді зардап шегуші тараптың адвокаты.
«Аудиограмма түсірілімі бойынша сол жақ құлағымның естімеушілігі 65%-ды, оң жақ құлағымдікі 25%-ды құрады. Екінші дәрежелі естімеу мүкістігі пайда болған деді. Мирошенко Надежда Павлова жалпы агрессивті адам, енді бір ауылда тұрғанан кейін оны көрмейді емес, ары-бері жүргенде көреміз. Соның агрессивті қылықтарынан қорқамын. Сол үшін мен ол мектептен кетуге мәжбүр болдым», – деді биология пәніннің мұғалімі Гүлзира БАЙДІЛДАЕВА.
Соққыдан миы шайқалып, 25 күн ауруханада, екі ай үйде жатқан ұстаз әділдікке жету үшін облыс прокурорына дейін барған. Сағызша созылған сараптамадан соңда қылмыстық іс сан түрлі кедергілерден өтіп, оқиғаға тура бір жыл болғанда ғана сотқа түскен. Ал құжаттағы баппен келіспеген шағымданушылар бүгін ауди-видео дәлелдердін судьяға бергенімен, талап қараусыз қалды. Сонымен Іле ауданындағы білім ордасының атын әлемге әйгілі қылған оқиғаның 15 қаңтарда өтетін сот отырысына мектеп директоры, мектеп инспекторы және анықтаушы үш адам куәгер ретінде шақырылмақ. Ал «ерлігімен» елді дүрліктірген күдікті камераға түсініктеме беруден бас тартты.
Әмірболат Құсайынұлы
Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!
Дереккөз: https://kaz.zakon.kz/