Мұғалімдерге зейнетке ерте шығуға рұқсат беріле ме? Білім министрі пікір білдірді — Қазақстан жаңалықтары

0

Қазақстанның білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова үкіметтің баспасөз конференциясында «Мұғалімдердің мәртебесі туралы» заңның жобасы тамыз айында парламент қарауына жіберіледі деп жоспарланып отырғанын айтты, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі. 

Мұғалімдерге зейнетке ерте шығуға рұқсат беріле ме? Білім министрі пікір білдірді

Министрдің сөзінше, заң жобасы педагогтар мен депутаттар арасында қызығушылық тудырған. Оған қатысты айтылған сындар да жоқ емес. Сондықтан ол мәжіліс қарауына тамыз айынан ерте берілмейді, дейді ол.

Сонымен қатар Шәмшидинова мұғалімдердің зейнетке шығу мәселесіне қатысты да пікір білдірді. 

«Зейнеткерлік жасына келер болсақ, зейнет мәселесі еліміздің зейнеткерлік туралы заңымен қаралады. Мұғалімдік азаматтық қызметкерлер санатына кіреді. Сондықтан бұл мәселе барлығымен бірдей қаралады.

Бүгінгі таңда зейнет мәселесін өзге қырынан көтерейін деп отырмыз. Егер адам педагогикалық ЖОО-ны тәмамдаса және бірден мектепке жұмыс істеуге келіп, мектепте үздіксіз жұмыс істесе, мұндай жағдайда зейнетке шығатын кезде педагогикалық ЖОО-да оқу оқыған мерзімі еңбек өтілі ретінде есептелетін болады. Бірге есептеледі», — дейді еліміздің бас ұстазы.

Өз сөзінде білім және ғылым министрі аталған мәселенің орталық мемлекеттік органдармен талқыланып жатқанын атап өтті. 

Еске сала кетсек, бұған дейін 30 жылдық еңбек өтілі бар мұғалімдерге зейнетке ерте шығуға рұқсат беру туралы ұсыныс тасталған еді.

 

stan.kz