Мұғалімдердің жалақысы қаңтардан бастап қаншаға өседі – министрлік жауап берді

0
365

Аймағамбетов тек мектеп мұғалімдерінің емес, балабақша, колледж, қосымша білім беру жүйесінің педагогтерінің айлығы көтерілетінін атап өтті

2021 жылдың қаңтарынан барлық педагогтің жалақысы тағы 25 пайызға өседі. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

«Биыл президент біздің алдымызға мұғалімдердің жалақысын 25 пайызға өсіру міндетін қойған еді. Біз тапсырманы орындадық. Келесі жылы қаңтар айынан бастап барлық педагогтің жалақысы тағы 25 процентке көбейеді», – деді Аймағамбетов орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Ол тек мектеп мұғалімдерінің емес, балабақша, колледж, қосымша білім беру жүйесінің педагогтерінің айлығы көтерілетінін атап өтті.

Бұдан бөлек, министр білім жүйесінде басқа да қосымша ақылар барын еске салды.

Мәселен, біліктілік санатына қарай мұғалім өз жалақысының 30-50 процентіне дейін қосымша ақы алады. Егер ол шебер болса, ай сайын еңбекақысының 50 пайызына дейін үстемеақы беріледі.

Сондай-ақ, пәнді ағылшын тілінде беру, сынып жетекшілігі, дәптер  тексергені үшін қосымша ақылар қарастырылған.