Мұғалімдер жаңа заңға маңызды ұсыныстары енбегеніне назалы

0

Желтоқсанның 26-сы күні Қазақстан парламентінің сенаты «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын мақұлдап, президентке қол қоюға жіберді. Ұстаздар кей ұсынысы заң жобасына енбей қалғанына қапалы. Билік бұл заң мұғалім мәртебесін көтеріп, мектептегі негізгі міндетінен тыс жұмысқа жегуге тосқауыл қояды деп сенеді.

«Педагог мәртебесі туралы» заң жобасына сай, мұғалімдер енді 40 күн емес, 56 күнге еңбек демалысына шығады және оларға денсаулығын оңалтуға да жәрдем көрсетіледі. Бұған қоса 2021 жылдың қыркүйегінен бастап, педагогтардың нормативтік оқу жүктемесін 18 сағаттан 16 сағатқа төмендету туралы норма бекітілді.

Заң жобасындағы негізгі ережелер:

  • Мұғалімдерден заңда көрсетілмеген есептер мен ақпаратты талап етуге, жұмысына заңда көрсетілмеген тексеру жүргізуге тыйым салынады.
  • Педагогты заттар мен қызметтерді сатып алуға міндеттеуге болмайды.
  • Басқа адамдардың мұғалімнің кәсібіне заңсыз араласуына, кедергі келтіруіне тыйым салынады.
  • Ата-аналар мен оқушылар мұғалімге құрметпен қарауы тиіс.
  • Мұғалім бес жылда бір рет біліктілігін арттыруға құқылы.
  • Мұғалімді әскерге шақыру кейінге шегеріледі.
  • Мұғалім баласын кезектен тыс балабақшаға орналастыруға құқылы.
  • Халықаралық олимпиада, түрлі байқау және спорт жарыстарының жеңімпазын дайындаған мұғалімге үш еңбекақы мөлшерінде сыйақы беру қарастырылған.
  • Ауылды жерде тұратын мұғалімге қосымша төлемақы беріліп, жер, үй алуға қолдау көрсетіледі.

Бұдан бөлек, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы тағайындалады. Бұл атақты иеленген ұстазға бір реттік қомақты сыйақы беріледі.

«МҰҒАЛІМДІ ЗЕЙНЕТКЕ ЕРТЕ ШЫҒАРУ ҰСЫНЫСЫ ЕСКЕРІЛМЕДІ»

«Педагог мәртебесі туралы» заң жобасымен танысып шыққан Шығыс Қазақстан облысында тұратын ұстаз, «Мұғалім мәртебесі» қоғамдық ұйымының жетекшісі Мейіржан Темірбек заң жобасына ұстаздардың зейнетке шығуы жайлы маңызды ұсыныс енбей қалғанын айтады.

— «Мұғалім мәртебесі» ұйымының атынан жүздей ұсыныс бердік. Соның ең негізгісі – 30 жыл жұмыс істеген ұстазды жасына қарамай зейнетке шығару. Республика бойынша мұғалімдерден келіп түскен ұсыныстардың ең көбі де осы болатын. Бірақ бұл ұсыныс енбей қалды, — дейді ол.

Темірбектің сөзінше, заңда көрсетілген кей талаптар бұған дейін де болған, бірақ орындалмаған. Оның ойынша, атқарушы билік басқа нормативтік-құқықтық құжаттарды алға тартып, өз дегенін істейді.

— «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасының 12-бабында «Жергілікті өкілді органдар бекіткен тәртіппен және мөлшерде мұғалімге бюджет есебінен коммуналдық қызметтерге ақы төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау көрсетіледі» деп жазылған. Бірақ жергілікті атқарушы органдар «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу» туралы 2005 жылғы 8 шілдедегі № 66 заңын көлденең тартып, ауылда жұмыс істейтін, бірақ қалада, қала шетіндегі елдімекендерде тұратын мұғалімдерге коммуналдық ақы төлемей қояды. Аталған заңның 18-бабының 5-тармағындағы «ауылда тұратын және жұмыс істейтін мұғалімдерге ғана коммуналдық көмек пен отын беріледі» деген ереженің кесірінен биыл бұл көмекті ауылда жұмыс істесе де ұстаздардың көпшілігі ала алмады. Себебі мұғалімдердің көбі жалдамалы үйлерде тұрады. Яғни, ауылда істегенімен ол жерде ресми тіркелмеген немесе қаладан қатынап жұмыс істеуі мүмкін. Атқарушы билік бәрібір өзіне ыңғайлы басқа заңдарды тауып алады, — дейді ұстаз.

Көп жыл мектеп директоры болған, «Қазақстан еңбек ері» атағы бар Аягүл Миразова заң жобасында мұғалім қызметіне жаңадан кіріскен жас мамандардың жағдайы мен құқығы толық ашылмай қалғанын айтады.

— Парламенттегі талқылауға да қатыстым. Денсаулығын нығайту үшін екі айлық көлеміндегі қосымша ақша, оқушылардың жетістігі үшін ұстазға берілетін сыйақы, мұғалімді кәсібінен тыс жұмысқа салмау және сабақ жүктемесін 18 сағаттан 16 сағатқа түсіру – заң жобасының тиімді тұстары. Бірақ жобада мектепке енді келген жас маманның мәселесі нақтыланбай қалған. Қазір жас мұғалімдерге қиындау болып тұр. Өйткені университетті енді бітіріп келген жас маманның көрсеткіші болмайды және оған бірден жете де алмайды. Ол үшін кемінде 5-10 жыл керек. Сондықтан олардың айлығы да аздау болады. Әйтпесе тәжірибесі бар, көп жыл еңбек еткен мұғалімдер ешкімнен аз айлық алып жатқан жоқ. Жылайтындай жағдай да емес, — дейді ол.

2018 жылы қараша айында заң жобасы қоғам талқылауына шыққан уақыттан бері тұрақты пікір білдіріп келе жатқан ұстаздың бірі, «өзіне қысым жасаған» мектеп директорды сотта жеңген Айман Сағидулла «Заң түзелер-ау, бірақ сол заңда жазылған құқығын қорғай алатын мұғалім табылар ма екен?» деп уайымдайды.

Айман Сағидулла.

Айман Сағидулла.

— Ақиқатына келсек, «Мұғалім мәртебесі туралы» заңның көптеген тұсы «Білім туралы заңнан» көшірілген. Яғни, заңда бұрыннан бар дүниелерді талап ете алмаған, өзін-өзі қорғай алмаған мұғалім сол күйінде қала береді. Оған ешқандай заң көмектеспейді. Бұрын да көше сыпырып, әкімдік жұмысына жегіліп жүрген мұғалім әрі қарай да көшесін сыпырып, әкімнің қолбаласы болып жүре береді. Мұны тоқтату үшін мұғалімнің жеке өзінде құқығын қорғау иммунитеті қалыптасуы керек, — деп есептейді Айман Сағидулла.

Аягүл Миразова да, Айман Сағидулла да мұғалімдер көп үміт күткен зейнет жасы туралы ұсыныстарының өтпей қалғанына қапалы.

— Үйіндегі екі балаға ие бола алмай жатқан адамдар бар. Ал мұғалімнің еңбегі өлшеусіз. Сондықтан мұғалімнің зейнетке шығу жасын тағы бір қарастырса дұрыс болар еді, — дейді Миразова.

Қарашаның 28-і күні «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын талқылаған Мәжілістің жалпы отырысына қатысқан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Ержан Жылқыбаев «мұғалімге зейнетке ерте шығу құқығын беретін болсақ, зейнетақы жарнасын толық көлемде жинап үлгермейді» деп түсіндірген еді.

Қазір Қазақстанда әйелдер 59 жаста, ерлер 63 жаста зейнетке шығады. 2018 жылы зейнетақы жүйесіне енген өзгерістер бойынша, зейнетақы қорындағы есеп шотына 13 млн теңге жинаған әйел адам 50 жасында, шотына 9,6 млн теңге жиған ер адам 55 жасында зейнетке шыға алады. Билік 2027 жылға дейін әйелдердің де зейнет демалысына шығу мерзімін ерлермен теңестіріп, 63 жасқа жеткізбек.

Алматы облысындағы мектептердің бірі.

Алматы облысындағы мектептердің бірі.

Қазақстанда мұғалімдер міндетінен тыс жұмысқа жегілетінін, сайлау, санақ кезінде үй аралауға мәжбүр болатынын, директорлар мемлекеттік газеттерге еркінен тыс жаздыратынын айтып, жиі шағымданады. 2017 жылы елдегі мұғалімдер өздерін Астанадағы ЭКСПО көрмесіне билет алуға мәжбүрлегенін жеткізген.

Қазақстанды 30 жыл басқарып, биыл президенттіктен кеткен Нұрсұлтан Назарбаев та бұған дейін бірнеше рет «жергілікті биліктің барлық жұмысты мұғалімдер мойнына артып қоятынын» сынаған. Парламентте де депутаттар бұл мәселені көтерген. Алайда мұғалімдер өздері көтерген проблемалардың шешілмегенін айтады. Биыл маусымда Білім және ғылым министрлігі «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын қоғам талқысына ұсынған.

Azattyq