«Мұғалімдер үйренісе алмай жатыр»: Министрлік «Балапан» арнасындағы қателіктерді түсіндірді – Қазақстан жаңалықтары

0
86

Қашықтан оқыту жүйесі басталғалы оқушыларға «Балапан» арнасы арқылы сабақ өту қолға алынды. Бірақ сабақ барысында қателіктер жіберіп жатқан мұғалімдер ата-аналардың наразылығын тудырды. «Бас сынса, бөрік ішінде» демекші бұрын ұстаздар қателік жіберсе, сынып ішіндегі оқушылары ғана көретін. Ал енді бүкіл республика оқушылары мен ата-аналары куә болды. Мұғалімдердің бұл қателіктеріне кім жауапты, сабақ мазмұны эфирге шықпай тұрып тексеріледі ме, редакторлар қайда қарап отыр? Stan.kz тілішісі Білім және ғылым министрлігінің өкіліне осы сауалдарды қойды.

қашықтан оқыту

Видеодағы мысалдағы ананас сөзін екі буынды деп қателескен мұғалімді 1 сынып оқушысы байқап қалған. Ал екінші видеодан тұрлаулы және тұрлаусыз мүшелерге мысалдарын дұрыс келтірмей, мұғалім тәспісінен жаңылғанын байқайсыз.

Осындай дөрекі қателіктерден кейін жауапты министрлікке қоңырау шалғанымызда, қателік болып тұратынын мойындады. Бірақ мұны мұғалімнің камера алдында үйренбеуімен түсіндірді.

«Сабақтар мазмұны телеарнаға жіберілмес бұрын міндетті түрде тексеріледі. Білім министрлігінің жанында Ұлттық білім беру академиясы бар. Сол жерде әдіскерлер мұғалімдерге көмек көрсетеді. Бұрын мұндай жағдай болмаған соң, мұғалімдер үйренісе алмай жатыр. Бұрын сыныпта балаларымен бетпе-бет сұхбаттасып сабақ өтетін мұғалімдерге енді камераға қарап сөйлеу қиындық тудырып жатыр. Оның үстіне он минут ішінде барлығын түсіндіріп шығу мұғалімдерге еркін көсілуге өз әсерін тигізеді. Қателіктердің болғанын мойындаймыз», – дейді Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Майра Тұрғанбайқызы.

«Қазір бізде сабақ бес кезеңдік тексерістен өтеді. Бірінші сабақтың сценариі жазылғанда тексеріледі. Одан кейін әдіскерлердің тексеруінен өтеді. Сосын өзіміздің Нұр-сұлтан қаласындағы педагогтар қосымша бақылау жасайды. Одан кейін педагогтардың біліктілігін арттыратын «Өрлеу» орталығындағы әдіскерлер ең соңғы кезеңде тексереді», – деп түсіндірді министрлік өкілі.

«Бірінші күннен бастап, әдіскерлер сабақтың мазмұнын, өту әдістерін қарады. Бірақ сабақты түсіндіруге камера алдына барғанда мұғалімдер не айтып тұрғанын өздері бақылай алмай қалды. Сондықтан қателіктерге бой алдырды. Енді сабақ түсіріп жатқан жерге де әдіскерлерді бақылауға отырғыздық», – дейді Білім министрлігінің өкілі. Бұл болашақта мұғалімдер тарапынан қателіктердің жібермеуін болдырмайды.

stan.kz