Мұғалімдер «пайдасыз» кәсіподаққа жарна төлеуді қаламайды

0

Қазақстандық мыңнан астам мұғалім кәсіподаққа жарна төлеуден бас тартатынын айтып, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке ашық хат жазды. Ұстаздар «жарна төлесек де, кәсіподақ құқығымызды қорғамайды» дейді.

МҰҒАЛІМДЕР НЕГЕ НАРАЗЫ?

Мұғалімдер білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке жолдаған ашық хатта Кәсіподақ федерациясы құрамындағы «Қазақстандағы салалық білім және ғылым кәсіподағы» ұйымына ай сайын жалақысынан жырып, жарна төлейтінін, бірақ «ұстаз құқығын қорғауы тиіс кәсіподақ өз міндетін атқармайтынын» жазған.

«Кәсіподақ жарғысы бойынша, кәсіподақ мұғалімдердің құқығын қорғайтын ұйым болуы тиісті. Сол үшін мұғалімдер ай сайын кәсіподаққа жарна төлеп келеді. Бірақ өкінішке қарай, мұғалім құқығын қорғаған кәсіподақ көрмедік. Мұғалім мектепке жұмысқа кіргенде кәсіподаққа қоса кіруге міндетті болады. Бұл білім мекемелеріндегі жазылмаған заң болып қалыптасқан. Яғни, жұмыстан жалақы алған мұғалімнен келісім сұрамастан мектеп есепшілері кәсіподаққа жарна ұстай бастайды. Мұғалім кәсіподақ құрамына кіргенін де білмейді» деп жазылған ашық хатта.

Мектептегі алғашқы қоңырау. Көрнекі сурет.
Мектептегі алғашқы қоңырау. Көрнекі сурет.

Министрге ашық хат жазған мұғалімдер «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы (жеке меншік мектеп иелерінің мүддесін қорғайды) – Білім және ғылым министрлігі – кәсіподақ арасындағы үш жақты келісімшартты бұзуды, мектепке жұмысқа тұрған мұғалімдерді автоматты түрде кәсіподақ мүшесі қылуды, кәсіподақ жарнасын мектеп есепшісі арқылы төлеуді тоқтауды талап еткен.

Мектеп қызметкерлері жарнаны есепші арқылы жинаудың және мұғалімді автоматты түрде кәсіподаққа кіргізудің артында күдікті әрекет тұр деп біледі.

«КӘСІПОДАҚҚА ҚАШАН МҮШЕ БОЛҒАНЫМДЫ БІЛМЕЙМІН»

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданында тұратын Аяужан Мырзабаева 12 жылдан бері мектепте мұғалім. Қазақстандағы салалық білім және ғылым кәсіподағына қашаннан бері мүше болып қабылданғанын өзі де білмейді. Білетіні – жұмысқа тұрған кезінен бастап ай сайын мектеп есепшісі арқылы жарна төлеп келеді.

Өтініш бермегенімді дәлелдесем, кәсіподақтан 12 жыл төлеген жарнамды қайтарып аламын.

— Мен алғаш мектепке келген кезде кәсіподақ ұйымына мүше болу міндетті екен деп ойладым. Және күні кешеге дейін солай ойлап келдім. Бірақ биыл кәсіподаққа деген іштей наразылығым пайда болды да, жарғысын ашып, іздене бастадым. Сөйтсем, оған мүше болу үшін алдымен өтініш жазуымыз керек екен. Содан кейін мектептің келісім комиссиясына хат жолдап, сұрау салдым. Бірақ олар «cол кездегі мектеп директоры да, кәсіподақ ұйымының жетекшісі де зейнетке шыққандықтан архив құжаттары жоқ» деп отыр. Егер ешқандай өтініш бермегенімді дәлелдесем, сотқа арыз түсіріп, он екі жыл төлеген жарнамды қайтарып аламын. Былтыр аудандық ұйымның ісін сынап, облыстық кәсіподақ ұйымына хат жазғанмын, бірақ әлі күнге дейін жауап жоқ, — дейді ол.

Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы №48 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Элмира Құрбанова 20 жылдан бері кәсіподаққа ақша төлеп отырғанын айтады. Ол да кәсіподаққа қабылдау туралы «өтініш жазбаған».

Салалық кәсіподақтан шығатынымды айтып арыз жаздым. Бірақ шығармады.

— Биыл ақпанда салалық кәсіподақтан шығатынымды айтып арыз жаздым. Бірақ мені шығармады. Содан кейін «онда маған денсаулығыма байланысты шипажайға жолдама беріңіздер» деп талап қойдым. Өйткені Шиелі ауданындағы шипажайға кәсіподақ тарапынан 40 пайыз жеңілдік жасайды екен. Қалған 60 пайызын өзіміз төлейміз. Олар өтінішімді қабыл алды. Бірақ маған «кәсіподақ мүшесінің куәлігін алыңыз» деп талап қойды. Мен 22 жылдан бері алмаған куәлікті енді алуым керек екен. Сондықтан жолдамасынан да, куәлігінен де бас тарттым, — дейді мұғалім.

Элмира әріптестерінен кәсіподаққа мүше болу туралы өтініш жазған-жазбағанын сұрап көрген, олар ешқандай өтініш бермегенін айтқан.

«МИНИСТРЛІК ДАУҒА АРАЛАСУДАН БАС ТАРТТЫ»

Алматы облысы Талғар ауданындағы мектептердің біріндегі мұғалім Сәния Нүсіпәлі «Кәсіподақ мұғалімдерден заңсыз жарна жинап, басшылықтың сойылын соғады» деп есептейді.

Басына іс түскен мұғалімге қол созған кәсіподақ көрмедік, пайдасы жоқ.

— Кәсіподаққа мүше болу туралы өтініш жазбаймыз. Жұмысқа тұрғаннан кейін есепші жалақымыздан автоматты түрде жарна ұстап қалады. Бірақ басына іс түскен мұғалімдерге қол созған кәсіподақ көрмедік, пайдасы жоқ. Заңгерді де өзіміз жалдаймыз, — дейді ол.

Алматы облысы Қарасай ауданындағы мектептердің бірінде сабақ беретін ұстаз Айман Сағидулла да бірнеше жыл бұрын әріптестерінің құқығын қорғап, директормен соттасқанда өзін кәсіподақ қолдамағанын айтады.

Айман Сағидулла.
Айман Сағидулла.

— Былтыр Ақмола облысында сенбі күні жұмысқа келмегені үшін қызметтен қуылған мұғалім Медет Байзақовқа қолдау көрсетуді сұрап [кәсіподаққа] хабарласқан кезімде «ол бәрібір жеңіледі» деп қолдау көрсетуден ашық түрде бас тартқан еді. Бірнеше күн бұрын Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мұғалім құқығын қорғаумен айналысып жүрген белсенді топпен онлайн кездесу өткізген. Сол кезде біздің кәсіподаққа қатысты қойған талабымызға «бұл іске араласпаймын» деп ашық айтты, — дейді белсенді мұғалім.

Азаттық тілшісі Білім және ғылым министрінің орынбасары Шолпан Каринова мен министрліктің баспасөз хатшысы Ерболат Мұхамеджанға қоңырау шалғанымен, жауап болмады.

КӘСІПОДАҚ ЖЕТЕКШІСІНІҢ УӘЖІ

«Қазақстандағы салалық білім және ғылым кәсіподағы» ұйымының жетекшісі Айгүл Мұқашева бастамашыл топ мәселені «орынсыз» қозғап отыр деп санайды. Сөзінше, кәсіподақтың әрбір мүшесі ұйымға өз өтініші бойынша ғана қабылданады.

— Ол адамдардың келісімінсіз есепші олардың жалақысынан ұстап, жарна аудара алмайды. Мүмкін, кей жерлерде ондай жетіспеушілік бар шығар. Бірақ біз өз тарапымыздан ондай жетіспеушілікті көрсек, бірден қолға аламыз. Және кәсіподаққа ешкімді мәжбүрлеп кіргізбейміз. Ал мұғалімдердің құқығын қорғаудан ешқашан бас тартқан жоқпыз, — деді ол.

Айгүл Мұқашеваның сөзінше, Еңбек кодексіне сай үш жақты жасалған келісімді Білім және ғылым министрлігінің бір жақты бұзуға хақы жоқ. Өзара келісіммен ғана бұзылады.

«СОТТА МҰҒАЛІМ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАҒАН КӘСІПОДАҚТЫ КӨРМЕДІМ»

Кейінгі жылдары мұғалімдердің құқығын қорғап жүрген заңгер Маржан Аспандиярова «ұстаздардың талабы орынды» деп санайды. Оның пікірінше, жарнаны тәуелсіз ұйымның есепшотына мұғалімдердің рұқсатынсыз, келісімінсіз аудару – заңсыз әрекет.

Маржан Аспандиярова.
Маржан Аспандиярова.

— Егер кәсіподақ мұғалімнің құқығын қорғап, еңбек дауын шешіп беретін болса, мұғалімдердің өздері күреспес еді ғой. Мұндай дау да шықпас еді. Соңғы бірнеше жылдан бері мұғалімдердің құқығын қорғап соттарға қатысып жүрмін. Сол кезде осы іске араласып жатқан кәсіподақ өкілдерін көрмедім. Шындығында [кәсіподақтың] басты міндеті – өз мүшелерінің құқығын қорғау, — дейді ол.

Аспандиярова Қазақстанда кәсіподақтың міндетіне қатысты даудың жиі болатынын, бірнеше жылдан бері мұнайшылардың да тәуелсіз кәсіподақ құра алмай келе жатқанын, кейінгі уақытта медицина саласында да осындай әңгімелердің пайда бола бастағанын айтады.

— Қазақстанда тәуелсіз кәсіподақ жоқ. Барлығы жергілікті басшылыққа бағынышты, — дейді құқық қорғаушы.

Аудан әкімін сотқа берген ауыл мұғалімнің арызы бойынша азаматтық сот процесіне қатысушылар. Жаңақала кенті, Батыс Қазақстан облысы, 5 қазан 2017 жыл. Көрнекі сурет.
Аудан әкімін сотқа берген ауыл мұғалімнің арызы бойынша азаматтық сот процесіне қатысушылар. Жаңақала кенті, Батыс Қазақстан облысы, 5 қазан 2017 жыл. Көрнекі сурет.

Мұғалімдер жарна мен кәсіподақ мәселесін шешу үшін «соңына дейін бармақ». Кейбірі «келісімінсіз алған жарналарды қайтарып алу үшін сотқа шағымданамыз» деейді.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ КӘСІПОДАҚТАР МӘСЕЛЕСІ

Қазақстанда үш үлкен кәсіподақ ұйымы – «Қазақстан кәсіподақ федерациясы», «Еңбек конфедерациясы» және «Аманат Қазақстан кәсіподақтар достастығы» жұмыс істейді. Кәсіподақ федерациясында 2 миллион, ал еңбек конфедерациясында бір миллион мүше бар. 2017 жылы мамырда Әділет министрлігі тіркеген «Аманат Қазақстан кәсіподақтар достастығының» анша мүшесі бар екені белгісіз. Сайтында ұйым мүшелері жайлы ақпарат жоқ, байланыс телефоны да көрсетілмеген.

Бұл үш ұйым да тәуелсіз емес, билікке жақын. Қазақстанда тәуелсіз кәсіподақтарға қысым көп, жетекшілері жиі қудаланады. Елде тәуелсіз кәсіподақтарды тіркеу қиын. Нұр-Сұлтан «Қазақстанның тәуелсіз кәсіподақтар конгресін тіркемей қойғаны үшін сынға да қалған. Елде тәуелсіз кәсіподақ белсенділері Нұрбек ҚұшақбаевӘмин ЕлеусіновЛариса ХарьковаЕрлан Балтабай түрлі айыппен жазаланған.

2018 жылы Халықаралық кәсіподақтар конгресі (ХКК) Қазақстан кәсіподақтар федерациясының мүшелігін тоқтатып, «билік органдары басқаратын және демократия мен ХКК жарғысындағы ұстанымдарды елемейтін ұйымға қатарымызда орын жоқ» деп мәлімдеген.

Азаттық