Мүфтият: Өлікті өртеуге қатысты пәтуа берілген

1

Атқамінерлердің Астана және Алматы қалаларында крематорий салу туралы бастамасы қазақ қоғамының қарсылығын тудырып жатыр. Мәйітті өртеу қазақ ұғымында жоқ дүние. Белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлының айтуынша, бұл  діни тұрғыдан да, адами тұрғыдан да құпталмайтын іс екенін айтты.

Әлеуметтік желіге осыдан екі ай бұрын Мүфтияттың fatua.kz сайтына аталған іске байланысты берілген пәтуасы шыққаны айтылды.

«Ислам шариғатында мұсылмандардың мүрделерін кремация (өртеу) арқылы жерлеуге болмайды. Бұл – адамзат жаратылысының ардақтылығына қайшы келетін іс. Жаратқан Иеміз Құранда адамзатты ардақты етіп жаратқанын айтады» делінген аталған пәтуда.

«Сөз жоқ. Біз Адам балаларын ардақтадық. Құрлықта, теңізде алып жүрдік, жақсы нәрселерден ризық бердік әрі жаратқандарымыздың көбінен оларды үстем еттік»[2], — дейді.

Әрі Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қандай да бір жәндікті отпен жазалауға болмайтынын ескерткен. Басқа хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Өлген адамның сүйегін сындыру – тірі адамның сүйегін сындырғанмен тең»[3].

Яғни адам баласы тірі бола ма, дүниеден өткен бола ма құрметке ие.   Жалпы мұсылман үмметі адам дүниеден өткен соң оны жерлеу керектігіне бір ауыздан келіскен. Ал оны өртеу болса мәйітті, қорлау, азаптау болып саналады. Тіпті Алла елшісі қабірді баспаңдар деген.

Бұл да болса дүниеден өткен марқұмға құрмет ретінде айтылған.   Құран Кәрімде жерлеу үлгісі Абыл мен Қабыл оқиғасында баяндалған.

Шариғатымыз бойынша адам баласы дүниеден өтсе оның денесін жер қойнауына тапсырады. Ал өлген адамды өртеу дінімізге жат.

[1]«Жаназа және жерлеу рәсімдері» 114бет Астана 2018ж

[2]«Исра» сүресі 70-аят

[3] Ибн Мәжә риуаяты