мүфтият мақтааралдықтарға көмек көрсетіп жатыр
Қысқа сілтеме алу
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Мақтаарал ауданындағы баспанаға аса зәру екі отбасыға екі үйдің кілтін табыстайды
НҰР-СҰЛТАН, 15 мамыр – Sputnik. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Мақтаарал ауданында баспанаға аса мұқтаж екі отбасыға үйдің кілтін табыстайды. Бұл туралы бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«18 мамырда Мақтаарал ауданындағы баспанаға аса зәру екі отбасыға екі үйдің кілтін табыстаймыз», — деді діни басқарманың төрағасы онлайн брифингте.
Сонымен қатар, «Зекет» қоры және облыстағы мешіттердің қолдауымен «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қорына 10 миллион теңге қаржылай көмек аударылған.
Бас мүфти бұған дейін Мақтаарал ауданының тұрғындарына әр облыстағы мешіттердің қолдауымен азық-түлік тиелген жүк көліктері жөнелтілгенін атап өтті.
Алдағы уақытта мүфтият 30 тонна ұн жеткізуді жоспарлап отыр.
Сондай-ақ, Наурызбай қажы Тағанұлы Төле би ауданындағы су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға қайырымдылық көмек көрсетілетінін жеткізді.
Түркістан облысындағы су тасқыны
1 мамырда Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының бөгеті бұзылып, салдарынан Түркістан облысының көршілес Мақтаарал ауданындағы елді мекендер су астында қалды.
Ауданда 1 030-дан астам үй, мектептер, балабақшалар мен медицина нысандарын су басты. Елді мекендерден 31 мың тұрғын эвакуацияланды.
Ауданда техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.
Жуырда Түркістан облысының таулы аудандарында нөсерлі жауын салдарынан бірнеше ауданды су шайды. Төлеби, Қазығұрт, Бәйдібек аудандарында жалпы 522 үй ауласын, 4 үйді су басып, 258 адам эвакуцияланды.
sputniknews.kz