Моноқалалардың болашағы бар ма?

0

Халқы көшіп жатыр

Жуырда Парламент Мәжіліс­і­нің де­путат­тары Кәрібай Мұсыр­ман мен Нұртай Сабильянов Үкімет басшысына депут­ат­тық сауал жолдап, ел­іміз­дегі моно­қалалардың жағ­дай­ын жіпке тізген болатын. Аталған сауалда 2017 жылы Ұлт­тық экономика министрлігі «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ-тен бірлесіп зерттеу жүргізгені, оның қорытындысы бойын­ша еліміздегі 41 шағын қаланың 12-сі халық саны бойынша қала мәртебесіне сәйкес келмейтіндігі айтылды. Қала мәрте­бесіне ие болу үшін елді мекен­дегі халық саны 10 мыңнан кем болмауы шарт. Осыған орай «Эконом­и­калық зерттеулер институты» моно­қалалардың мәр­те­­бесін анықтауға қатысты мә­се­лені ше­шу үшін бір­қатар ұсыныс әзірлепті. 

«Ақтөбе облысындағы небәрі 1963 тұрғыны бар Жем және 2425 тұрғыны бар Темір қалаларының даму әлеуеті төмен, депрессивті шағын қалалар болып саналады. Бұл қалаларды болашақта сақтап қалу жоспарда жоқ. Осы­ған байланысты олардың қала мәртебесін сақтап қалудың ешбір мәні жоқ. Ұлттық экономика министрлігі мен мүдделі мемлекеттік органдар бұл қала­ларды ауыл етіп өзгерту туралы келісілген шешім қабылдауы қажет. Жүргізілген зерттеу бо­йынша, халық саны 10 мыңға жетпейтін шағын қалалардың – шын мәніндегі ірі ауылдардың негізін ұстап тұратын кәсіпорын жоқ. Сондықтан да олар экономи­­к­а­­сының құрылымы мен тұр­­­ғын­­дарының жұмыс­пен қам­тылуы бойынша да қала ата­уы­на сәй­кес кел­­мейді. Индус­трия­лық келешегі жоқ шағын қалаларды ауылдарға айналдыру және аграрлық салаға, соның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге мамандандыру арқылы олардың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беруді қарастырған жөн. «Әкім­шілік-аумақтық құрылыс тура­лы» заңға облыстық және аудан­дық маңыздағы қалаларды құру және тарату тетіктері туралы толықтырулар енгізу керек. Тиісті облыстар мен аудан­дар­дың әкімдіктері атына заты сай келмейтін қалалардың мәрте­бе­сін өзгерту мәселесін жер­гі­лікті жұртшылықпен бір­ле­се қарастырып, жан-жақты ой­лас­тырылған шешім­дер қа­был­дағаны жөн. Бұл ретте әрбір жағдайда экономикалық, әлеу­мет­тік, тарихи, этностық және басқа факторлар мұқият ес­ке­­рілгені дұрыс. Ең бастысы, қала мәртебесінің ауылға өзгертілуі теріс экономикалық және әлеу­мет­тік салдарға соқтырмауы тиіс», делінген осы ұсыныста. 

Еліміздегі моноқалаларды қазіргі мәртебесінен айырудың әлеу­меттік-экономикалық салдары қандай болады деген сұрақ­тың туатыны заңдылық. Шағын қала­лар­дағы халық санының кемуі­не қандай факторлар әсер етіп отыр­ғаны жайында Тұңғыш Президент Қоры жанындағы Әлем­дік экономика және саясат ин­ститутының сарапшысы Серік Бейсембаев мырзадан сұраған едік. 

– Монақаладағы негізгі жұ­мыс беруші ірі кә­сіп­орындар кен орын­­дарының тау­сылуына бай­лан­ысты тоқырау жағдайында тұр немесе өз қызметін айтар­лық­­тай қыс­қартқан. Бұл өз кезе­гінде жер­гілікті халықтың тұр­мысына және жергілікті инфра­құрылымға тікелей әсер етеді. Жұмыс тапшы болуына бай­ланысты тұрғындар, әсіресе жас­тар облыс орталығына немесе ірі мегаполистерге кетуге тыры­са­ды. Осылайша, әлеуметтік-экономикалық ахуалдың нашарлауына байланысты халық моноқалалардан көшіп кетіп жатыр, алдағы жылдары бұл үрдіс жалғаса береді. Ал шағын қалаларды ауылдық деңгейге түсіру еліміздің аумақтық-кеңіс­тік даму­ының 2020 жылға дейінгі бол­жамды схемасын тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл схема бойынша әр елді мекен­нің даму әлеуетін анықтау және соған сәйкес мемлекет­тік қолдау шараларын қарас­тыру жоспарланған. Егер бұ­­­рын қала есептеліп келген елді мекендер ауылдық статус алатын болса, соған сәйкес оның экономикалық даму бағыты қарастырылады және мем­ле­кет­тік бағдарламалармен қамту ойластырылады, – деді Серік Бейсембаев. 

13 қаланың мәртебесі қайта қаралады

Айта кетерлігі, индустриялық келешегі жоқ шағын қалаларды ауылдарға айналдыру арқылы аграрлық саланың жаңа тынысын ашып, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнім­де­рін өндіруге маман­дандыру жос­парланып отыр. Сарапшының айтуынша, ірі кәсіпорыны жа­был­ған шағын қала үшін ауыл шаруашылығын дамыту ең тиімді басымдық болмақ. 

− Осыған қатысты Арқалықты мысал­ға келтіруге болады. Қазір 40 мың­нан астам адам тұратын бұл қаладағы кен өндіруші мекеме­­де бар-жоғы 2 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Тұр­ғын­дары­­­­ның мал өсіруге маман­да­нып жатқаны байқалады. Бұрын­ғыдай бір мекемеге қарап отыру жоқ. Соңғы бірнеше жыл ішін­де халық саны­ның артуы қала тұрғын­дарының жаңа экономи­ка­лық жағ­дайға бейім­дел­генін көрсетеді, – дейді сарапшы. 

Сан түйіні шешілмеген моно­қалалардағы маңызды мәселенің бірі – маман тапшылығы. Қазір әкімшілік орталықтары шағын және моноқалалар болып отыр­ған аудандарды медицина кадр­ла­­ры­­мен қамтамасыз етуде елеу­лі проб­лема туындап отыр. Мә­се­лен, Ақ­мола облысындағы 8 шағын қалада 143 дәрігер же­тіспейді. Сонымен қатар ша­ғын қала­­лар­ды мұғалімдермен, мәдениет қыз­мет­керлерімен қам­тамасыз етуде кемшілік көп. С.Бейсембаевтың айтуынша, маман тапшылығын болдыр­мау үшін шағын елді мекендер­де жұмыс істейтін жандарға қосымша төлемдер қарастыру қажет. Әсіресе оқу бітіріп келетін жас­тарға. Сонымен қатар үй алу және жер беру жағынан жеңіл­діктер ұсыну да маман­дардың шағын қалаларға тар­тылуы­на мүмкіндік ашады. Бұл жұм­ыс­ты ұйымдастыруды жергілікті об­лыс және қала әкімдіктері ой­лас­тырған жөн.

 Биыл «Экономикалық зерттеулер институты» зерттеу жүр­гі­зіп, соның негізінде 13 қаланың мәрте­бесін қайта қарау, оның ішін­де моноқала саналатын Шығыс Қазақстан облысындағы Серебрянскіге ауылдық елді мек­ен мәртебесін беру туралы ұсыныс дайындаған-ды. Бұл ұсы­ныс Үкіметке жолданған. Үкі­­мет зерттеу қорытындысын бас­шы­лық­қа алып, елді мекен­дердің мәрте­бе­сін өзгерту бо­йынша жер­гі­лікті атқарушы орган­дарға 2018 жылдың соңына де­йін әрбір нақты жағдайда (экономи­­калық, әлеу­меттік, де­мография­лық және т.б.) жан-жақты талдау жүргізуді тап­­сыр­ды. Бұл елді мекеннің мәрте­бесін өзгертпес бұрын, ең алдымен реттелетін салық және бюд­жет, заңнама, аумақтарды қол­дау мен дамытудың мем­ле­кет­тік бағдарламаларына қатысу шарт­тары, кәсіпкерлік, сондай-ақ халық­тың әлеуметтік көңіл күйі негізге алынады. 

Моноқала мәртебесінен айы­­ры­ла­тын шаһарлардың сана­тында Степняк, Державин, Ерей­ментау, Жем, Темір, Шар, Қар­қаралы, Қазалы, Форт-Шевченко, Булаев, Сергеев­ және Мамлют қала­­­ла­ры бар. Алайда Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қараған­ды, Қызыл­­орда, Маңғыстау және Солтүстік Қазақ­­стан об­лыс­­­та­р­­ы­­ның әкім­дік­тері Степняк, Державин, Ерей­ментау, Жем, Темір, Шар, Қар­қара­лы, Қаза­лы, Форт-Шевченко және Мамлют қала­ларына араша түсіп, олардың қала мәрте­­бесін сақ­тау­ды, аудандық деңгейдегі экономикалық өсу нүктелері ретінде дамытуды ұсынды. Тек Сол­түстік Қазақстан облысының әкім­дігі Булаев және Сергеев қалаларының мәртебесін ауыл­дық мәртебеге өзгерту туралы мә­селені қолдап отыр. 

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»