Моңғолиялық қазақ Forbes-тің үздік отыздығына енген
Базар Әшімұлы Баян-Өлгей аймағында туып-өскен. 10 жылдық мектепті аяқтаған соң Моңғолия ұлттық университетінің заң факультетіне оқуға түскен. Сөзінше, бастапқыда заңгерлік мамандығына қызығушылығы болмаған.
«Моңғолияда мектеп бітірер кезде мамандық таңдау тұрғысынан зерттеу жүргізу дұрыс дамымаған. Он үш жыл бұрын бұл туралы ақпарат та болмайтын. Тек конкурс таяған уақытта заңгер мамандығын бітірген соң жұмыс тез табылады дегенді естіп, осы факкультетке түстім. Әкем салық инспекторы болып жұмыс істеді, ал анам – үй шаруасындағы кісі. Заңгерлікке деген сүйіспеншілік оқып жүргенде ғана пайда болды», – деді базар Әшімұлы.
Айтуынша, әкесі үкімет ұйымында жұмыс істеп жүргенде әділ қызметкер болуға тырысқан. Балаларына да жұмысты әділ істеу керек екенін, ешкімге зиян тигізбеу керегін сіңіріп өсірген дейді.
«Ойыма «Заңгер болсам, әкем кішкене күнімнен айтатын әділдік жолында жүремін» деген темірқазық болып бекіді. Екіншіден, адвокаттардың мақсаты – әділдік таппай жүрген адамдарға көмектесу. Дегенмен мамандығымды не үшін жақсы көретінімді әлі толыққанды білмеймін. Десе де «Нені жетік білемін?» дегенде, мамандығымның қыр-сырын толық меңгергендіктен, осы саланың білгірі екенімді нық сеніммен айта аламын», – деп қосты ол.
Жоғарғы оқу орнын аяқтаған соң Базар екі жыл заңгер кеңесшісі болып жұмыс істеген. 2016 жылы мамандығы бойынша көп мүмкіндіктерге жол ашатын емтихан тапсырып, сыннан мүдірмей өткен.
«2017 жылдан бастап адвокат болып қызмет еттім., Ойлана келе, университетте бірге оқыған екі досыммен «Хэруга партнерс» компаниясын құрдық. Мақсатымыз – кәсіпкерлерге, компания өкілдеріне заң тұрғысында ақыл-кеңес беру, адвокат қызметін ұсыну. Моңғолоияның ішіндегі, Моңғолияға инвестиция салған компанияларға қызмет көрсетеміз. Басты жұмысымыз бизнеске бағытталған. Отбасылық мәселелерді шешуге көп келіспейміз. Кейде тұрақты клиенттер тек бізге сенетінін айтып, істерін тапсырған кезде ғана бизнестен өзге мәселені қарауымызға аламыз», – деп қосты ол.
Базар «Хэруга партнерс» компаниясын жарнамаламайтынын айтады. Себебі көмекке жүгінетін тұрақты клиенттер өте көп екен. Бүгінгі таңда компанияда 10 адам жұмыс істейді. Алдағы уақыта қызметкерлер санын көбейтуді жоспарлап отырғанын да жасырмады.
«Қазіргі мақсатымыз – кәсіпкерлерге, компанияларға кәсіп жүргізуде заң жағынан ақыл-кеңес беретін Моңғолиядағы ең үлкен компания деңгейіне жету. Күш салып жұмыс істесек, оған да жетіп қалармыз. Ковид пандемиясы салдарынан Моңғолия көп шектеу қойды, сондықтан өткен жылы бұл мақсатқа жете алмадық. Сонымен қатар Моңғолияның экономикалық өсімі 8-9% ғана. Сондықтан біз жақта өрлеу бар деп айта алмаймын», – деп түсіндірді кәсіпкер.
Базар Әшімұлы клиенттерінің арасында Моңғолияның бұрынғы президенті, парламент мүшелері де болған дейді. Тіпті тыңшылықпен айналысатын компания басшысына да қарсы іс жүргізген. Үкіметке жиі қарсы шығады екен, алайда бұл көп жарияланбайды.
«Парламент мүшесі иелік ететін компанияға қарсы іс туралы айтсам, іс екі жылға созылды. Парламент мүшесі басқаратын компанияның қызметкерлері жаяужолды заңсыз иемденіп, көлік тұрағын жасаған. Істі ешкім қолға алмағандықтан, біз алып, сотқа бердік. Екі жылдан кейін сот үкімі біздің пайдамызға шешілді. Қазір сол жерде жаяужол салынып жатыр. Мұны көрген халық та қуанышты. Айтып өткенімдей, біз атқарған шаруалар құпиялылық туралы келісімге байланысты көлеңкеде қалып қояды», – дейді ол.
Қандасымыз Forbes рейтингіне кіруді еш мақсат тұтпағанын мәлімдеді. Бұған дейін тізімге назар аудармаған. Өзінің топшылауы бойынша «30 жасқа дейінгі ең перспективалы 30 азамат» тізіміне енуге жаяужол ісін жеңіп шығуы әсер еткен. Сонымен қатар Базар өзінің рейтингке енуіне көпшіліктің аса мән бермеуін қалайтынын жеткізді.
«Ол рейтингке ену – жақсы-ақ. Бірақ екінші жағынан «бұл мені ынталандырады» демес едім. «Адамды алға тартатын не?» деген сұраққа ойлансам, «Ой, сен – мықтысың! Сен – кереметсің» деп қолпаштау адамды алға жетелемейтінін түсінемін. Қошеметтеу – өткінші нәрсе. Мақтау, мадақтау «алыс» мақсатқа апаратын нәрсе емес деп ойлаймын. Адамда алға жетелейтін – ойлаған ой, көздеген мақсат, қойған жоспар. Бар болғаны осы», – дейді ол.
Жас кәсіпкер өзі туып-өскен Баян-Өлгейде кәсіп жүргізудің қиын екенін атап өтті. Сондықтан жеке ісін бастағысы келетіндер Ұлан-Батырға барады дейді. Ал кейбірі шетелге кетуге тырысады.
«Дегенмен араларында екі жақты кәсіп жүргізіп жүргендер бар. Өзім жақсы араласатын Ғабит есімді азамат ІТ саласы бойынша әрі Моңғолияда, әрі Америкада ісін дөңгелетіп жүр. Айтпақшы, ол 5-6 жыл бұрын Forbes-тің осы рейтингіне енген болатын. Forbes-тің үздік отыздығы туралы алғаш сол кезде естіген болатынмын. Қателеспесем, Ғабит бұл рейтингке кірген тұңғыш қазақ болуы керек», – деп қосты Базар.
Базар Әшімұлы Қазақстанға барып көрмегенін жеткізді. Қазір бір қыз тәрбиелеп отырған жігіттің атажұртта туыстары көп екен. Дегенмен алдағы уақытта Қазақстанға ұзақ уақытқа баруды жоспарлар отырғанын мәлімдеді.