«Мойныма арқанды салып, асылып қалмақ болдым»: Қайырымдылықпен айналысатын танымал кәсіпкер қиын балалық шағы туралы айтты — Қазақстан жаңалықтары
Елімізге танымал қоғам қайраткері, қайрымдылық жасаумен көзге түскен Эльмира Ешниязова «Евразия Бірінші арнасының» «Бір сұрақ» ток-шоуына қатысып, қиын балалық шағы, әкесіне өзін мойындатамын деген ниеті мен қайырымдылықпен айналысудың ыстық-суығы туралы сұхбат берді. Инстаграм желісінде де танымал кәсіпкер жасөспірім кезінде бірнеше рет өз-өзіне қол салуға оқталғанын жасырмады.
Бұрынғы ұстаз Эльмира Ешниязова 90-ншы жылдары тоқырау болғанда базарға шығып кеткенін, одан кейін «ақшасы көп» құрылыс саласына бет бұрғанын айтады. «Астанаға құрылыстың қайнаған ортасына түсіп кеттім. Назарбаевтың резиденциясын жөндедім» дейді кейіпкер.
«Әкеміз біржарым жасымызда тастап кеткен, ол кісі әлі тірі, Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Абай колхозында тұрады. Бір келіп, маңдаймыздан сипамады. Осылай болады деп бізді ойлап па еді сол кезде. Мен әкеме өзімді кім екенімді дәлелдеп шығамын деген ойда болдым үнемі», — деп көз жасын алған кейіпкер балалық шағы туралы айтты.
Кейін анасы екінші рет тұрмыс құрған. «Ата-анамыз ол кезде қатты ұстайтын еді», — деп қалды хабар барысында Ешниязова.
Өгей әкесімен қарым-қатынасы туралы сөз қозғағысы келмейтінін айтып қалған Эльмира Ешниязова оның «ұрғанын, сабайтынын» жасырмады.
«14-15 жасымда сарайға барып, мойныма арқанды салып, асылып қалмақ болдым, інім келіп, мені құтқарып қалды. Одан кейін аузыма хлорамин салып, өлемін деген кездер болды. Ол кісі қазір қайтыс болды. Мамам 2009 жылы қайтыс болғанда, 39 жасымда өзімнің есейгенімді түсіндім. Анамның бар кезінде шалқып өмір сүріппін, қанша жерден анам қатал болса да».
Қайырымдылыққа бағдарлама кейіпкері ең алғаш рет 23 жасында келгенін айтады. Айта кетсек, осы уақытқа дейін әйел халықтың көмегімен 20 шақты жалғызбасты көпбалалы азаматтарға үй алып берген.
stan.kz