Мюллер «Ресейдің АҚШ-тағы сайлауға килігуі» туралы зерттеуін аяқтады

0
62

«Ресейдің 2016 жылғы АҚШ-тағы президент сайлауына килігуі» деген атпен белгілі зерттеу аяқталды. Арнайы прокурор Роберт Мюллер зерттеудің негізгі қорытындылары жазылған арнайы баяндаманы АҚШ бас прокурорының кеңсесіне тапсырды деп жазды Настоящее Время сайты.

«Америка дауысы» сайтының жазуынша, тергеу тобы осы уақытқа дейін зерттеу барысын БАҚ пен қоғамнан жасырып келген. Зерттеу барысында 34 жеке тұлға мен екі заңды тұлғаға 200-ден астам айып тағылған. Олардың арасында 26 Ресей азаматы бар.

АҚШ президенті Дональд Трамптың сайлауалды кампаниясында жұмыс істеген алты азаматқа айып тағылды: ұлттық қауіпсіздік бойынша презденттің бұрынғы кеңесшісі Майкл Флинн, сайлауалды штабының бұрынғы жетекшісі Пол Манафорт, президенттің бұрынғы кеңесшісі Рик Гейтс, Трамптың бұрынғы жеке адвокаты Майкл Коэн, бұрынғы кеңесшісі Роджер Стоун.

Жеті айыпталушы өздеріне тағылған айыпты толық немесе жартылай мойындады. Бесеуін сот кінәлі деп тапты. Дональд Трамптың өзі Ресеймен арада ешқандай байланысы жоғын айтып, жоққа шығарған.

АҚШ ақпарат құралдарының жазуынша, Ақ үй әзірге баяндамамен таныспаған. Ал АҚШ бас прокуроры Уильям Барр баяндамамен танысып, орынбасары және Мюллермен кеңескеннен кейін конгреске ақпарат беретінін айтқан.

Azattyq