Мэлс Елеусізов үшінші мәрте сайлауға түсуге дайын

0

Саясат

Қысқа сілтеме алу

1 0 0

Экологтың айтуынша, оның қоғамдық ұйымының атынан президенттікке кандидат болуға заңды құқығы бар

НҰР-СҰЛТАН, 13 сәуір – Sputnik. «Табиғат» экологиялық одағының лидері Мэлс Елеусізов Қазақстан президенті сайлауына үшінші мәрте қатысуға дайын. Бұл туралы ол КТК телеарнасына берген сұқбатында мәлімдеді.

«Сайлауға өзім түсемін. Егер мені қазір өткізбесе, өзіме ұнайтын кандидаттың командасына қосыламын. Қалай болғанда да мен бұл сайлауға қатысамын. Қажет болса, өңірлерді аралап, үгіт-насихат жұмыстарын өзім жүргіземін», — деді Елеусізов.

Ол президент тағына таласуға заңды құқығы бар екенін айтып, өзінің қоғамдық ұйымы 90-шы жылдардың басында тіркелгенін еске салды.

«Маған тосқауыл болуға кеңес бермес едім», — дейді ол.

Айта кетсек, Мэлс Елеусізов Қазақстан президенті сайлауына екі мәрте түсті: 2005 жылы 0,28% дауыс жинаса, ал 2011 жылы – 1,15%. 2011 жылғы сайлауда ол Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс беріп, журналистерге бюллетенін көрсеткен еді.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымда өтеді. Президенттікке кандидаттарды елімізде тіркелген саяси партиялар мен републикалық қоғамдық бірлестіктер ұсынуға құқылы. Үміткерлерді ұсыну 10 сәуірде басталды, енді ол 28 сәуір 18:00-ге дейін жалғасады.



sputniknews.kz