«Миынан ісік табылды…» Роза Рымбаева сұқбат кезінде жылап қалды

0

АЛМАТЫ, 25 сәуір – Sputnik. Қазақстанның халық әртісі, танымал әнші Роза Рымбаева өмірінде жылайтын сәттер көп болғанын Talk Like бағдарламасына берген сұқбатында айтты. Бірақ әнші көз жасын халыққа ешқашан көрсетпепті. Себебі оның халыққа керегі жоқ деп санайды.

«Көздің жасы сорғалады»

«Соңғы рет сіңілім қатты ауырды. Басына ота жасалды, миынан ісік табылды. Бір өлімнен қалды. Сол ота жасалып жатқан кезде анам қайтыс болды. Ол кісіні уайым әкетті. Отадан аман шыға ма? Шыққан күннің өзінде төсекке таңылып қалмай ма? Осындай ойлар бәрімізді мазалап жіберді. Тіпті, алдын ала шешіп қойдым. Күйеу балаға өз өміріңді өзің жаса, балаларды өзіме аламын деп айтпақшы болдым. Осындай да ойлар келді. Көздің жасы сорғалады. Құдайдың маған салған тағы бір сынағы шығар деп ойладым», – дейді әнші жанына батқан ауыр кезеңді еске алып.

Тағы оқыңыз: Министрлік Роза Рымбаеваның мәлімдемесіне қатысты жауап берді

Бірақ тағдыр сынын қасқайып қарсы алатын қайсар әнші анасы қайтыс болғанда да жаны қиналып жатқанын сыртқа білдірмепті.

«Ауруханаға жүгірдім. Анам сонда қайтыс болды. Дүйсенбі болатын. 1 сәуір, қар аралас жаңбыр құйып тұр. Жылқы іздеп жүгіргенімді білемін. Себебі дүйсенбіде базар жұмыс істемейді ғой. Ал үйге адамдар көңіл айтуға келіп жатыр. Қайтемін, дұрыстап шығарып салайын анамды деп барлық күш-жігерімді жинап алдым», — дейді Рымбаева.

Арман…

Әрине, өмірдің осындай сындарлы сәтінде сүйеу болатын біреудің жаныңнан табылғаны жақсы ғой. Алайда әнші бұл ретте тек өзіне сенуді жөн көріпті.

«Сені бақытты қыламын. Барлығын алдыңа әкеліп беремін» деп маған сөз салып, ғашық болған адамдар болды. Қазір де бар. Бірақ мен керек қылмадым еркекті. Өйткені өмірімді екі балама арнаймын деп шешім қабылдадым.

Достарым да біреумен жұп қылып қоспақшы болды.

«Роза қашанғы жалғыз жүресің, біреу керек» деп ақыл қосты. Бірақ өмірімнің көбі кетіп, азы қалған шақта балаларыммен бірге болғаным дұрыс емес пе? Менің ойым осы. Немере сүйсем, келіннің қолынан шай ішсем деген арманым бар», — дейді ол.

Тұзақ…

Әнші өз сұқбатында талай рет алаяқтардың да құрбаны болғанын жасырмады.

«Өте үлкен қаржыға алдандым. Ол кісі қазір түрмеде отыр. Алданған жалғыз мен емес, 40 шақты адам», — деп Роза Қуанышқызы оның біреуін мысалға келтірді.

Ол жеке концертін өткізетін кезде қаржыдан қысылып қалатынын да айтты. Ұлы Әлидің Алматыда жеке концертін өткізсе деген арманы да бар екен. Бірақ оған ақша қолбайлау болып тұрған көрінеді.

Әкімдік көмектескен

«Менің жеке бизнесім жоқ. Өнер адамы болғанмен тойларда да көп төбе көрсете бермеймін. Сондықтан қырып тауып жатқан ақшам жоқ. Әсіресе, жеке концертімді беруге келгенде қаржы жағынан қиналамын. Өйткені ол өте көп ақша тұрады.

Тағы оқыңыз: Асхат Садырбай экраннан түспейтін әншілер жұртты жалықтырып жібергенін айтты

3 жыл бұрын әкімдік көрмектесіп, жеке концертімді қойып берді. Одан кейін концертім болған жоқ. Негізінен, мен қазір Әлиге жағдай жасауға тырысамын. Менен гөрі соның концерті өтсе екен деп тілеймін. Өткенде Мәдениет министрлігі Астанада оның концертін ұйымдастырып берді. Енді Алматыда да жасасақ деген арман бар», — дейді әнші.

Роза Рымбаеваны шеттеткен кім?

Роза Қуанышқызын соңғы 5 жылда барлық мемлекеттік концерттен шеттетіп тастапты. Бірақ әнші одан әншілігім кеміп, беделім түсіп жатыр деп ойламайды.

«Себебі қазір маған қатысты көзқарас сондай. Мені тізімнен сызып тастайтын адамдар бар жоғарыда. Бірақ оның кім екенін өз көзіммен көрмеген соң айта алмаймын. Мүмкін жастар шықсын деген мақсат бар шығар. Оған мен қынжылып, қайғырмаймын.

Концертім тек Қазақстан емес, Ресейде, Беларусь, Қырғыз елдерінде, Өзбекстанда, Қытайда өтіп жатыр. Мен тоқтап қалған жоқпын. Мәселе әкімшіліктің қарым-қатынасында емес, халықтың көңілінде. Маған сол әлдеқайда маңызды», — дейді әнші.

«Бізге керек емессің депті»

Роза Рымбаева әлеуметтік желідегі пікірлерді оқымайтынын айтады, бірақ соның ішінде біреуі құлағына жетіп, жанын ауыртқанын да жасырмады.

«Менің парақшамды директорым Азамат жүргізеді. Ол сол араға қоятын видео мен суреттерді менімен алдын ала келісіп алады.  Білетін шығарсыздар, Беларусь Республикасы президенті Александр Лукашенконың қолынан сыйлық алған кезім бар ғой. Сол кезде біреу жазыпты: «Сен сол Беларуссияда қалсаңшы, бізге керек емессің депті», — дейді ол.

Біреуге сын айтқанды құп көрмейді

Соңғы кездері әнші сынға мүлде жоламаймын деп шешім қабылдапты. 

«Қазір әнінен гөрі өзінің қылықтарымен халықтың назарын өзіне бұратын жұлдыздарымыз да бар. Оның әнін тыңдамайды, мысалы жалаңаш денесін көргісі келеді деген секілді. Ал біз, ең бірінші музыка мен әнімізді көрсетуіміз керек қой. Сол жағынан менің келіспейтін дүниелерім бар. Менің ұстанымым: ешқашан да ешкімге кеңес бермеу керек. Өйткені бір сөзбен адамның сана-сезіміне сілкініс жасай алмайсыз. Тек жеккөрінішті болып қаласың», — дейді Қуанышқызы.

Тағы оқыңыз: Аша Матай «Қалаулымнан» кетуге неге мәжбүр болды?

Сол секілді Роза Рымбаеваның қазіргі продюсерлерге де көп көңілі толмайды екен. Өйткені қазір музыкаға қатысы жоқ адамдар да продюсер болып жүр. Ал ондайлар, әншінің пкірінше, музыка жағынан тәлімгеріне көп білім бере алмайды.

«Егер продюсердің бәрі Тасқын (марқұм күйеуі) секілді дирижер, композитор әрі ұстаз болып, әнге аранжировка жасап, өзі оркестрмен жұмыс істей білсе, керемет қой. Ондайлардан талант өсіп-өніп шықпауы мүмкін емес», — дейді ол.

Әншінің телеарна мен радиолардың қазіргі композиторларды насихаттамайтыны да жанына батады. Оның пікірінше, телеарна мен радиоларға Шәмшіден басқа композитор жоқ.

«Шәмшінің әндері керемет. Түсінемін. Насихаты қалыс қалып жатқан жоқ. Күнде сол. Бірақ басқа композиторлар да бар ғой. Бірақ оларды қоймайды. Кім десеңіз, көп олар. Тек өзіме қатыстысын айтайын мысалы: Еркін Ынтықбаев, Талғат Сарыбаев, Сейдолла Бәйтереков, Дүйсенқан Сыздықов, Болат Боранов, Ринат Ғайсин, Бақытжан Қажымұқанов. Онда да жартысы бұл. Бұл кісілердің насихаты жоқ «, — дейді әнші ашына.

Сұқбат барысында белгілі болғандай, Роза Рымбаеваның үстіндегі көйлектердің ең арзаны 500, ал ең қымбаты 5000 доллар тұрады екен.

 



sputniknews.kz