«Miss Astana» байқауының атауы неге өзгермеді?
Биыл сұлулар байқауында 19 ару бағын сынайды. Конкурс бірнеше кезеңнен тұрады. Арулар вайнер Жека Fatbelly, әнші Ринат Малцаговпен бірге ән шырқайды. Байқаудың соңғы кезеңінде қатысушылар сахнаға той көйлегін киіп шығады
НҰР-СҰЛТАН, 18 желтоқсан – Sputnik. «Miss Astana» конкурсының PR-менеджері Айжан Түгелбаева елорданың атауы өзгерсе де, байқаудың атауы неліктен өзгермегенін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, ұйымдастырушылар байқаудың атауын өзгерту туралы мүлдем ойламаған көрінеді.
«Miss Astana» конкурсы атауын өзгерткен жоқ. Себебі, бұл қалыптасқан бренд. Мысалы, «Барыс Арена», «Астана Арена» объектілері «Астана» брендімен қалды ғой. Сондықтан біз де байқауымыздың атауын өзгерткен жоқпыз. Бұл ресми түрде қабылданған шешім», — деді Айжан Түгелбаева Sputnik Қазақстан тілшісіне.
Сондай-ақ PR-менеджер биыл конкурсқа қатысуға 19 бен 24 жас аралығындағы 583 бойжеткен өтініш білдіріп, кастингтен тек 19 ару өткенін атап өтті.
«Осы жылы байқауға 19 бойжеткен қатысады. Жалпы конкурс бірнеше кезеңнен тұрады. Арулар вайнер Жека Fatbelly, әнші Ринат Малцаговпен бірге ән шырқайды. Байқаудың соңғы кезеңінде қатысушылар сахнаға той көйлегін киіп шығады», — дейді ол.
Сонымен қатар Айжан Түгелбаева конкурстың әділ-қазылар мүшесінде биыл бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев, танымал имидж-стилист Аида Есеналина, «Қазақстан студенттер альянсының» президенті Ілияс Түстікбаев, «Барыс» хоккей клубының қорғаушысы, құрылықтық хоккей лигасының ең ұзын ойыншысы Виктор Сведберг, «Miss Kazakhstan» ұлттық конкурсының директоры Алена Кырбасова, «Miss Kazakhstan 2019 » байқауының финалисі, «Miss World» халықаралық конкурсының қатысушысы Мәдина Батық, «Miss Kazakhstan» ұлттық конкурсы әлеуметтік бағдарламалар директоры Совет Сейітов, дизайнер, стилист, «Жас қанаттар» атты іскер әйелдер қауымдастығы төрайымының орынбасары Зарина Ақшолақова болатынын жеткізді.
Арулар байқауының ақтық сыны елордадағы «ҚазМедиа Холл» телерадиокешенінде өтіп жатыр.
sputniknews.kz