Мирзияев сынаған үш әкімге тағы бір мүмкіндік берілді

0

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтың сынына ұшыраған Қашқадария, Ферғана және Хорезм облыстарының әкімдері қызметте қалды. Президент әкімшілігі оларға тағы бір мүмкіндік берді. Бұл туралы Азаттықтың Өзбек қызметі хабарлады.

«Облыс басшылары мен жауапты тұлғаларды қызметтен алып, олардың бүлдірген ісін басқаларға жүктеу әділетті еместігін ескердік» деп жазылған президент әкімшілігі мен министрлер кеңсесінің мәлімдемесінде.

Президент Шавкат Мирзияев сын естіген үш әкімге халықтың баспаналарын қайта қалпына келтіріп, сенімге қайта кіру үшін тағы бір мүмкіндік беруді қолдаған.

2 тамызда Шавкат Мирзияев тұрғындар мен кәсіпкерлердің жылжымайтын мүліктерін заңсыз сүрген үш облыстың басшысын қатаң сынаған. Сол жиналыста президент үкімет басшысына үш әкімді қызметтен алу мәселесімен айналысуды тапсырған.

Бірнеше күннен соң әкімдер видеоүндеу жариялап, халықтан кешірім сұрады. Жұрттың баспаналарын заңсыз сүру әрекеті елдің бірқатар аймағында халықтың наразылығын туғызған еді.

Azattyq