Мирзияев қызметінен босатқан бұрынғы бас прокурор тергеліп жатыр
Азаттықтың Өзбек қызметінің хабарлауынша, 20 маусымда ел президенті Шавкат Мирзияев қызметінен босатқан елдің бас прокуроры Отабек Муродовтан тергеу орындары сұрақ-жауап алып жатыр.
44 жастағы Отабек Муродовтың орнына бас прокурор болып 57 жастағы Нығматулла Юлдашев тағайындалған. Ол 2015 жылдан бері сенат спикері болып келген. Муродовтың неліктен қызметінен алынғаны ресми түрде айтылмайды.
Азаттықтың Өзбек қызметімен сөйлескен Өзбекстанның күштік құрылымындағы кейбір лауазымды тұлғалар Муродовқа бұрынғы бас прокурордың (Ихтиёра Абдуллаева) ісі аясында айып тағылғанын айтты.
— Шын мәнінде Отабек Муродов 17 маусымда қызметінен босатылған. Оның қызметтен кетуіне байланысты құжаттарды тек үш күннен соң ғана рәсімдеді. Қазір Отабек Муродов елдің бұрынғы бас прокуроры және мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің бұрынғы жетекшісі Ихтиер Абдуллаевтың үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша айыпталушылардың бірі, — деді шенеуніктердің бірі.
Шенеуніктердің тағы бірінің айтуынша, Отабек Муродовты қызметтен босатар алдында онымен таныс бірнеше қызметкерден «бас прокурордың жемқорлық әрекеттеріне байланысты» сұрақ-жауап алынған. Дегенмен Азаттықтың Өзбек қызметі ресми орындардан нақты жауап ала алмады.
2019 жылы ақпан айында құпия ақпарат көзіне сілтеме жасаған Азаттық Өзбекстанның мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің жетекшісі 53 жастағы Ихтиер Абдуллаевтың қамалғанын хабарлаған.
Төрт айдан соң 14 маусымда Өзбекстанның бас прокуратурасы бұл ақпаратты растады. Олар бұған қоса Абдуллаевпен қатар тағы 10 шақты адамның үстінен «қызметтік өкілетін асыра пайдалану», «жемқорлықпен» байланысты қылмыстық іс қозғалғанын айтқан.