«Мирас» кеңесінің отырысы өтті | «Айқын» газеті
«Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы жанындағы мәдениет пен өнерді дамыту мәселелері жөніндегі «Мирас» қоғамдық кеңесінің отырысы өтті. Басқосуда Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы талқыланды.
Кездесу облыстық «Жетісу» газеті редакторының орынбасары, қоғамдық кеңес төрағасы Нүсіпбай Әбдірахымның төрағалығымен өтті. Қоғамдық кеңес жұмысына «Мирас» аймақтық қоғамдық кеңесі мүшелері – аудандық партия филиалы төрағаларының бірінші орынбасарлары, облыстық мәслихат депутаттары, Саяси кеңестің мүшелері мен Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері, қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, «Жас Отан» ЖҚ жетекшілері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
– Мақалада Елбасы еліміздің түркі әлеміндегі ойып алар орнын көрсетті, ол үшін дініміз бен тіліміз бір мемлекеттердің басын қосып, алдағы жылы үлкен жиын өткізу керегін де атап кетті. Бұл саяси тұрғыда дұрыс шешім деп білемін. Біз мұрағаттарды қалпына келтіріп, тасқа қашап жазылған төл тарихымызды қайта түлету арқылы егемен еліміздің ертеңіне сеніммен қадам басамыз, – деді қоғамдық кеңес төрағасы Н.Додабайұлы.
Қоғамдық кеңес отырысында Елбасы мақаласында айтылған негізгі мәселелер бойынша өз ойларымен облыстық Мәдениет басқармасының бөлім басшысы Т.Ғұмаров, облыстық Тілдерді дамыту басқармасының басшысы А.Башбаев, Алматы облыстық халықтық шығармашылық орталығының директоры Е.Доланғаранов, М.Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Р.Аязбаева және облыстық «Жетісу» телеарнасы бас директорының орынбасары М.Мұқашұлы мақалаға байланысты өз ойларын ортаға салды.
Атырау қаласында да «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің отырысы өтті. Күн тәртібінде Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында көрсетілген тың жобаларды жүзеге асыру, ұлттық мәдениетті, салт-дәстүрді, ұлттық спорт және қолөнершілерді қолдау және жаңғырту мәселелері қаралды.
– Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі – елімізді үшінші жаңғыртудың базалық негізі. Елбасы ұсынған теңдессіз шаралар, бірінші кезекте, табыстың тұрақты өсуіне, халықтың өмір сапасын жақсартуға және әлеуметтік дамудың басты салаларына бағытталған, – дейді аймақтық кеңес төрағасы Өмірзақ Зинуллин.
Кеңесте «Ұлттық мәдениетті, салт-дәстүрді, ұлттық спорт және қолөнершілерді қолдау және жаңғырту» тақырыбында баяндама жасаған «Елсана» руханият клубының төрағасы Нұржан Ермұханов Елбасы мақаласының өзектілігіне де ерекше тоқталды.
Жиын соңында аймақтық кеңес төрағасы облыстық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама, Дене шынықтыру және спорт басқармаларына Ұлттық мәдениетті, салт-дәстүрді, ұлттық спорт және қолөнершілерді қолдау жөнінде арнайы жоспар немесе жол картасын жасақтауды, облыстық Тілдерді дамыту басқармасына мемлекеттік тілді латын қарпіне көшіру барысы, Қазақстан Республикасында Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы ақпарат ұсынуды тапсырды.
«Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінде Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы талқылау бойынша және аймақтағы дарынды шығармашыл жастарға қолдау көрсету туралы жұмыстары пысықталды. Кезекті отырысты Қызылорда облыстық партия филиалының бірінші орынбасары И.Құттықожаев ашып берді.
Жиын барысында Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында облыстық «Мирас» кеңесінің белсенді мүшесі, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институты директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Бағдат Кәрібозұлы баяндама жасады. Сонымен қатар облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ә.Ерсұлтанов та мақалаға қатысты пікірін білдірді.
Басқосу соңында «Мирас» қоғамдық кеңес мүшелері алдағы уақытта Елбасының жаңа концептуалды мақаласын облыс тұрғындары арасында кеңінен талқылап, насихаттау жұмыстарына белсенді қатысуға ниет танытты. Сондай-ақ Елбасының мақаласын жүзеге асыруға байланысты бірқатар ұсыныстар айтылды.
Әбілмансұр ЖАСАН