Экс-баспасөз хатшысы: Біртановтың мүлдем ұйықтамайтынына таңғалатынмын

0
1471
Сурет: azh.kz

Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы баспасөз жетекшісі Диас Ахметшәріп өзінің бұрынғы басшысы Елжан Біртанов пен оның пандемия кезіндегі қиындықтары туралы айтып берді, деп хабарлайды informburo.kz тілшісі.

— Ол қажет кезде келісіп, керегі болмаса түбегейлі бас тартатын адамдардың қатарынан. Бұрын-соңды ешкім ТЖ режимінде жұмыс істеп көрмеді, біздің дайындалып алуға уақытымыз болмады, бір жерлерде қолымыздан келді, енді екінші жерде келмеді. Уақыт бізге қарсы ойнады, көптеген шешімді шұғыл қабылдау керек болды. Мен Біртановты «робот-адам» деп атайтынмын: одан жұмыс чаттарына таңғы сағат 4-5 кезінде хаттар келіп жататын.

Мүлдем ұйықтамайтынына қарап таңғалатынмын. Бірақ осы алты айдың ішінде ашуға бой алдырып, есікті тарс жауып немесе біреуге айқайлап жатқанын көрген емеспін. Әрине, стационарда орын жетпей жатқанда, шақыру көп болып, жедел жәрдем үлгермегенде қызметкерлеріне ескерту айтып отыратын. Алайда ол мұның өзін адамның жеке басына тиіспей, шекара сақтай отырып жасайтын.

— Елжан Біртановтің министрліктегі соңғы күндері есіңізде қалай қалды? Сол кезде ақша жымқырды деген өсек тараған ба еді? Әлде жұмыс өз кезегімен жүріп жатты ма?

— Бізді ол кезде қашықтан істеуге жіберіп еді. Біз бір-бірімізді көрмедік десек те болады, телефон және Zoom арқылы хабар аласып отырдық. Қызметкерлер де жұқтырып жатқандықтан, министрліктерді жапты, дезинфекция жасады. Жұмыс жүріп жатты, алда мұндай болатынына белгі де болмады. Кейін Біртановтың да жұқтырып алғаны туралы хабар келді. Дәрігерлермен кездесіп, сөйлесіп жүргеннен кейін жұқтыратыны анық еді. Менің білуімше, Біртанов жеңіл түрімен ауырмаса да, қиналды.

— Сіз онымен жеке таныс болдыңыз, ұсталған кезде қатты таңғалған шығарсыз?

— Аздап. Министрмен тығыз қарым-қатынаста болып, жанында 20 тәулік жүрген адам ретінде мұндайды естіп таңғалдым. Қандай да бір алдын ала болжам жасамаған дұрыс шығар. Тергеу органдарының шешімін күтейікші.

— Сіз оның кінәсіздігіне сенесіз бе?

— Мен онымен алты ай жұмыс істедім. Осы уақыт ішінде ол маған адал, мейірімді және ашық адам болып көрінді. Сол себепті, әрине, иә, мен Біртановты қолдаймын. Десе де, тергеу органдары қандай да бір заң бұзушылық анықтап жатса, адам жауап беруі тиіс.