Министрлік желіде тараған хабарламаға жауап берді 

0

Денсаулық сақтау министрлігі дезинфекция жайлы мәліметтің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Нұр-Сұлтан әкімдігі де ресми ақпаратқа ғана сенуге шақырды 

НҰР-СҰЛТАН, 17 наурыз – Sputnik. Денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік желіде тарап кеткен дезинфекцияға арналған дәрі шашылатыны туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Нұр-Сұлтан тұрғындары арасында дезинфекцияға қатысты мәлімет тарады. WhatsApp-тағы хабарламада бүгін түнде тікұшақпен арнайы дәрі шашылатыны жайында айтылған.  

«Бүгін сағат 23:00-де және таңғы 5:00-де тікұшақтар дезинфекцияға арналған дәрі шашады. Сол себепті терезе мен балконды жауып тастау керек. Түнгі 23:00-ден кейін далаға шығуға болмайды», — делінген орыс тіліндегі хабарламада.

Денсаулық сақтау министрлігі бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Нұр-Сұлтан әкімдігі де ресми ақпаратқа ғана сенуге шақырды.

Коронавирус эпидемиясы

Соңғы дерек бойынша, Қазақстанда 27 адам коронавирус жұқтырды. Оның 13-і Алматыда, қалған 14-і Нұр-Сұлтан қаласында.

Айта кетсек, індетке шалдыққандар арасында екі жасар сәби де бар.

Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтанда тағы 14 адамнан коронавирус табылды 

1536 адам стационарлық карантинде, ал 1094 адам үй карантиніне алынған.

Коронавирустың алдын алу мақсатында елімізде 16 наурыз таңғы сағат 08.00-ден бастап төтенше жағдай режимі жарияланды. Ол 15 сәуір  таңғы 07.00-ге дейін күшінде болады.



sputniknews.kz