министрлік үйіліп жатқан оқ-дәрінің видеосына түсініктеме берді
Қорғаныс министрлігі оқ-дәрілерді видеоға түсірген адамды іздеп жатыр
НҰР-СҰЛТАН, 2 шілде — Sputnik. Қорғаныс министрлігі Арыс қаласында үйіліп жатқан оқ-дәрілердің видеосына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputniк Қазақстан.
Министрлік мәлімдегендей, видеодағы снарядтардың қалдығы тұрғындарға қауіп төндірмейді.
«Оқ-дәрі қалдықтары жарылмайды. Олар әскери қару-жарақ қалдықтары жойылатын жерде, территория қорғауға алынған. Бұл жердегі оқ-дәрілер қауіпті емес», — деп сендірді қорғаныс министрлігі.
Айта кетсек, бұған дейін әлеуметтік желіде Арыс қаласындағы жарылыстан кейін жиналған оқ-дәрілердің видеосы тараған болатын.
Тағы оқыңыз: Арыстағы жарылыс кезіндегі таңғаларлық жайт белгілі болды
Қорғаныс ведомствосы бұл жайтқа қатысты қызметтік тексерісті қолға алыпты, себебі қорғауға алынған нысан видеоға түсірілген.
Қазір Арыста оқ-дәріден тазарту жұмыстары жүріп жатыр. Қала тұрғындарына оқ-дәрілерді жою кезінде жарылыс үні естілетіні ескертіліп, тиісті мәлімет берілген.
Арыстағы жарылыс
24 маусымда Түркістан облысындағы Арыс қаласында жарылыс болды. Қала жанындағы әскери бөлімнің қоймасында өрт шығып, оқ-дәрі жарыла бастаған.
Үрейі ұшқан жергілікті тұрғындар үйлерін тастап, қаша бастады. Халық Шымкент және басқа көршілес елді мекендерге эвакуацияланды.
Жарылыс салдарынан үш адам қаза тапқан: бір тұрғын және екі әскери қызметкер.
Төтенше жағдайдан келген шығын мөлшері 20 миллиард теңге деп топшыланды.
sputniknews.kz