Министрлік оқушылардың барлығы толықтай мектепте қашан оқитынын айтты
Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова балаларды мектепке қайтаруға қатысты жауап берді.
Мектептердің жұмысын қалпына келтіру бізді де алаңдатады. Бұл жағдайға мұғалімдер, оқушылар, ата-аналар — бәрі алаңдап отыр. Біз мектептердің ашылуын қалаймыз. Өз ұсыныстарымызды Денсаулық сақтау министрлігіне ұсындық. Мектептер жұмысын қалпына келтіру форматының бірнеше нұсқасы бар, — деді Каринова ОКҚ-да өткен онлайн брифингте.
Оның айтуынша, ең қолайлы формат елдің бас санитарлық дәрігерінің тиісті шешімінен кейін ұсынылатын болады.
Әрине, еліміздің өзге азаматтары секілді осы бұйрықты басшылыққа аламыз. Сонымен қатар, жұмыс тобында Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдерімен бірге күн сайын барлық мәселелерді пысықтаймыз. Қашықтан оқыту – бұл мәжбүрлі оқыту форматы екенін тағы бір рет атап өткім келеді. Алдағы уақытта білім беру ұйымдарымыздың жұмысын әдеттегідей жалғастыруға тырысамыз, — дейді вице-министр.
Ол балаларды мектепке қайтару Қазақстанның бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің тиісті рұқсатынан кейін ғана мүмкін болатындығын баса айтты.
Шынын айту керек, Білім және ғылым министрлігі де ата-аналар секілді дәстүрлі оқу жұмысын қалпына келтіргісі келеді. Біз бірнеше нұсқаны ұсындық. Әр аймақта жағдай әртүрлі. Біз мектептерді әкімдіктердің шешімі бойынша, аумақтық санитарлық инспекторлардың келісімі бойынша ашуды ұсындық. Бұл — ең дұрыс тәсіл. Сонымен қатар, мектептерді қайта ашу бойынша шараларды да ұсындық, бірақ қазір мен оларды айтпаймын. Біз балаларымыздың денсаулығы үшін алаңдауымыз керек. Сондықтан біз сіздерге қосымша хабарлаймыз, — деді Каринова.
baq.kz