Министрлік Кавасаки синдромына шалдыққан балалар туралы айтты

0

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахмет Кавасаки синдромына шалдыққан балалар туралы айтып берді.

«Қазіргі кезде әлемнің көптеген елінде коронавирустың жеңіл немесе симптомсыз түрімен ауырған балаларда 14 күн мен бір ай арасында Кавасаки синдромына ұқсас қабыну дерегі тіркеліп жатыр. Мен өткен аптада Қазақстанда осындай үш бала тіркелгені жайында айтқан болатынмын. Ал қазіргі уақытта Кавасаки синдромы мен осы синдромға ұқсас 11 бала тіркелген», — деді министрлік өкілі онлайн брифингте.

Қожахметтің айтуынша, бұл індет көп жағдайда 5 жасқа толмаған балаларда кездеседі. Ал Кавасаки синдромына ұсқас ауруға шалдыққан балалардың басым бөлігі бес жастан асқан.

«11 бала тіркелді дедік қой. Солардың үшеуі Нұр-Сұлтанда аман-есен жазылып шықты, тағы екі бала Ақтөбеде, Қарағандыда және Алматыда. Олардың екеуі 1-5 жас аралығында, қалған 9 бала 5-17 жас аралығында, яғни, 9 баланың дерті Кавасаки синдромына нақты келмейді. Соған ұқсас ауру деп есептеледі», — деп атап өтті Бағдат Қожахмет.

Бұған дейін осы жағдайға байланысты Нұр-Сұлтанда профессорлар мен дәрігерлерден тұратын арнайы жұмыс тобы құрылғаны хабарланған еді. Олар бұл ауруды зерттеумен айналысады.

Естеріңізге сала кетсек, ақтөбелік дәрігерлер Кавасаки дертіне шалдыққан жасөспірімдердің жағдайын баяндаған еді. Ауруханаға ауыр жағдайда түскен 5 және 15 жастағы балалардың қазіргі халі қалыпты. Олар әлі де балалар ауруханасында дәрігерлердің бақылауында болады.

nur.kz