Назарбаев тапсырмасы орындалмады: министрлік депутат мәлімдемесін жоққа шығарды

0

Қазір елімізде жатақханаларда 85 мың орын тапшы, білім министрлігі студенттер үшін 2022 жылдың соңына дейін кем дегенде 75 мың орындық жатақханалар салуды көздеп отыр

НҰР-СҰЛТАН, 20 ақпан – Sputnik. Білім және ғылым министрлігі мәжіліс депутаты Жәмила Нұрманбетованың жатақхана тапшылығына қатысты мәлімдемесін жоққа шығарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

2018 жылдың наурызында тұңғыш президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2022 жылдың соңына дейін 75 мың орындық жаңа жатақханалар салуды тапсырған еді.

Ал мәжіліс депутаты Жәмила Нұрманбетованың сөзінше, білім министрлігі Елбасының тапсырмасын орындамай отыр. Айтуынша, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша республикада барлығы 2 810 орындық жатақхана пайдалануға берілген. Ал жоспарланғаны бес мың орын екен. Сол себепті Назарбаевтың жатақханамен қамту тапсырмасы тек 25%-ке орындалды. Бұл туралы 19 ақпанда мәжілістің жалпы отырысында мәлімдеген еді. Алайда білім және ғылым министрлігі депутаттың сөзін теріске шығарды.

Вице министрі Бибігүл Асылованың айтуынша, өткен жылы студенттерді жаңа жатақханалармен қамту тапсырмасы 186 процентке орындалған.

«Бұл нені білдіреді? Бізде жоспар бойынша 5 мың орын болған, ал біз былтыр 9 166 жаңа орын пайдалануға бердік. Депутат өз мәлімдемесінде тікелей мемлекеттік тапсырыс бойынша келісімшарт жасасқан жатақханаларды меңзеп отыр», — деп түсіндірді Асылова министрлікте өткен брифингте.

Вице министр жатақхана құрылысын қаржыландырудың бірнеше тетігі бар екенін атап өтті. Мәселен, кей өңірлерде әкімдіктер жатақхана құрылысына жергілікті бюджеттен ақша бөлген.

«Егер ғимарат жергілікті бюджет есебінен салынып қойса, біз келіп, республикалық бюджеттен оған қайта ақша бөлмейміз ғой. Бюджеттік заңнаманы бұзған болып саналамыз», — деді ол.

Тағы бір жолы жоғары оқу орындары өздерінің қаржылық мүмкіндігін пайдаланып, өз қалтасынан да студенттерді жатақханадағы орындармен қамтамасыз етеді. Мұндай жағдайда да республикалық бюджеттен қаржы бағыттау қисынсыз. Сонымен қатар, демеушілер тарапынан да жатақханалар іске қосылады.

Тағы оқыңыз: Нұр-Сұлтанда көшеде құлап қалған депутат ашуланып кетті

Білім министрлігі биыл 10 915 орындық 46 жатақхананы пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Оның ішінде 8870 орын жаңадан салынса, қалған 2045 қайта қалпына келтіріледі.

Жалпы республика бойынша жатақхана тапшылығы 85 мың орынды құрайды. Министрлік 2022 жылдың соңына дейін кем дегенде 75 мың орындық жатақханалар салмақ.

sputniknews.kz