министрлік демалыссыз жұмыс кестесіне көшті

0
27

Франция, Германия, Швейцария, Нидерланды, Швеция мен Норвегияда коронавирус жылдам таралып жатыр. Осыған байланысты бас санитар Еуропа елдеріне бармауға кеңес беріп отыр

НҰР-СҰЛТАН, 10 наурыз – Sputnik. Денсаулық сақтау министрлігі демалыссыз жұмыс кестесіне көшті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бас санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшиннің айтуынша, коронавирустың кеңінен таралуына байланысты денсаулық сақтау министрлігі тәулік бойы жұмыс істеуге кірісті.

«Қазір әлемде коронавирусқа қатысты жағдай екі-үш күн сайын өзгеріп тұрады. Осыған байланысты денсаулық сақтау министрлігі 6 наурыздан бастап тәулік бойы жұмыс істеуге көшті. Бұл дегеніміз, демалыс та, мейрам да жоқ. Осының арқасында жағдайды күн сайын бақылап, шұғыл шараларды қолға алуға мүмкіндік бар», – деді Бекшин астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде Қытайда эпидемияға қарсы шаралар тиімді жүргізіліп келеді. Соның арқасында коронавирусқа шалдыққандардың саны азайып отыр. Алайда Еуропада осы індетті жұқтырғандардың қатары күрт көбейген.

Оқи отырыңыз: Францияның мәдениет министрі коронавирус жұқтырды 

«Мәселен, Италия ауруға шалдыққандардың саны жағынан Қытайдан кейін екінші орынға, ал осы індеттен қайтыс болғандардың саны жағынан бірінші орынға шықты. Осыған байланысты 8 наурыздан бастап Италияда болған адамдарға Қазақстанға кіруге тыйым салынды. Сөйтіп, «1 А» санатына кіретін Қытай мен Оңтүстік Кореяға Италия да қосылды», – деп атап көрсеті Бекшин.

Ал Франция, Германия, Швейцария, Нидерланды, Швеция мен Норвегияда коронавирусқа шалдығу жағдайлары күрт өсіп кеткен. Осыған байланысты бас санитар Еуропа елдеріне бармауға кеңес беріп отыр.

«Ол жақта аурудың көрсеткіші күрт көтеріліп кетті. Себебі бір одақ, адамдар емін-еркін жүреді. Ішкі шекара жоқ. Әуежайлары үлкен, адам көп жиналады», – деп атап көрсетті Бекшин.

Бас санитар халықты карантиндік шараларды сақтауға үндеді. Атап айтқанда, коронавирустың қаупі жоғары елдерден келген адамдар ауруханаға 14 күндік карантинге жатуға міндетті. Ал қаупі төмен мемлекеттерден келгендер үй жағдайында карантиндік шаралардан өтуі тиіс.



sputniknews.kz