“Министрлер сөзінің бәтуасының болмау себебі неде?” — Ринат Зайытов Үкіметке ауыр сын айтты
Мемлекет бюджеті талқыланған Парламент отырысында депутат Ринат Зайытов премьер-министр Олжас Бектеновке орындалмай жатқан уәделерді тізіп, сауал жолдады.
«Олжас Абайұлы, жалпы министрлер кабинетінде мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 400 жайлы мектеп салынуы керек еді. Оның саны 369-ға түсіп, 157-ге әлі ақша жоқ болып отыр. 2024 жылдың сәуірінен бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге ұлғайту керек еді. Бұл да мемлекет басшысының тапсырмасы. Кеше экономика министрінің айтуынша, мұнда да қозғалыстар жоқ. 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың 95%-ы жөнделуі керек еді. Бұл да іске асуы неғайбыл екенімен келісетін шығарсыздар. Тағысын тағы, жетіп жатыр. Елге берген, бізге берген уәделерді айтып, ешкімнің бетін қызартпай-ақ қояйын. Осы орайда сұрақ: «Министрлер кабинетінде сөздің бәтуасының болмауының себебі неде?» Және сіздің осының алдын алу үшін алда қандай жоспарыңыз бар?» — деді Ринат Зайытов.
фото: Ulysmedia.kz