министрлер азық-түлікті қайдан сатып алады
Брифинг кезінде тілшілер екі министрдің қай жерде азық-түлік сатып алатынын сұрады. Алайда олар нақты бағасын айта алмады
НҰР-СҰЛТАН, 13 наурыз – Sputnik. Елордада өткен баспасөз мәслихатында сауда министрі Бақыт Сұлтанов пен ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров азық-түлік тапшылығына жол берілмейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Брифинг кезінде тілшілер екі министрдің қай жерде азық-түлік сатып алатынын сұрады. «Сіздер соңғы рет үйге керек азық-түлікті қай дүкеннен алдыңыз? Сүт пен нанның бағасын білесіз бе? Әлде, сіздер үшін азық-түлікті көмекшілеріңіз сатып ала ма?», — деп сұрады журналистер.
Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов қай дүкенге барып жүргенін айтқан жоқ. Себебі «жарнама жасағандай боламын» деді. Азық-түліктің бағасын да айтқан жоқ.
«Енді, барлығы баратын үлкен дүкен бар ғой. Соңғы рет соған барғанмын. Бірақ ол жерге шопыр ретінде барамын. Сондықтан бағасын айта алмаймын. Әйелімді апарамын да, ол кісі алғанда мен бағасына нақты мән бермеймін», — деді Сұлтанов.
Ал ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров үйдің жанындағы дүкеннен азық-түлік алатынын жеткізді.
Тағы оқыңыз: Министр азық-түлік тапшылығы туралы айтты
«Көмекшілерім маған азық-түлік алмайды. Өйткені олардың өздерінің жұмысы бар, мемлекеттік қызметкерлер. Менде Бақыт Тұрлыханұлы (сауда және интеграция министрі — Sputnik Қазақстан) сияқты үйде азық-түлікті жұбайым алады. Бірақ мен жұмыстан келе жатқанда сүт ала кел дейді, нан ала кел дейді, сол кезде үйдің қасындағы дүкеннен алып келемін», — деп атап көрсетті Омаров.
Алайда министрі үйдің жанындағы дүкеннен алатын азық-түліктің бағасын атаған жоқ.
sputniknews.kz