«Министрге тұрмысқа шықсам, көзқарасын тез-ақ өзгертеді»: Түсіпбаева құбылмалы әріптестері жайлы айтты
Әншінің айтуынша, жағымпаздық – халқымыздың қанына сіңіп кеткен қасиет. Өзгенің көңіліне жағу үшін жалтақтайтындар өнер өкілдерінің арасында да бар деп ашынды Түсіпбаева.
«Мен білмеймін, билік ауысты ма, әлде ауыспады ма? Оны аман-есен болсақ, уақыт көрсетеді. Бір өкініштісі, жағымпаздық қазақтың қанына сіңген қасиет қой, ол өнер адамдарының ортасында да бар. Көп! Мен жиіркенемін ондай мінезді адамдардан. “Адам болып келдім өмірге, адам боп кету тілегім, бәріңе соны тіледім” деп шырқап кеткен Жәнібек Кәрменов.
Жақында ел жинаған ақшаға жай ғана есеп беру сұрағанымда… Осындай құбылмалы әріптестерімнің маған деген көзқарасының өзгергенін көрдім. Мысалы, мен ертең бір министрге тұрмысқа шықсам, олар маған көзқарасын тез-ақ өзгертеді. Мен ештеңеге таңғалмаймын. Бұл – өмір.
Анау атақты режиссер, мынау бәленбай жобасы бар продюсер, үндемей отырайын, мені теледидардан көрсетпей қояр, жобаларына шақырмай қояр деп ешқашан жалтақтамаймын. Ол да пенде, мен де дәл сондай Құдай жаратқан пендемін! Ол менен артық емес, бәлкім дәл бүгін оның асығы алшысынан түсіп тұрған шығар. Түссін! Қуаныштымын! Бірақ бақ пен тақты салмақ қана көтереді! “Ойланыңдар, жігіттер! Баста дәурен тұрмайды» – деп кеткен бабаларым.
Қазір желіде кезінде елбасының туфлиін жалап жүргендердің бүгінгі сөздері, жасаған қылықтары мені таңғалдырмайды. Жағымпаздық қазақтың қанында», – деп жазба қалдырды әнші желідегі парақшасында.
Түсіпбаева пайда үшін абыройды ұмытып кететін жандар үшін ұялатынын, оларды аяйтынын жеткізді.
Айта кетейік, Меруерт Түсіпбаева әріптесі Майра Ілиясовадан Ақтөбеде 10 жылға сотталып кеткен лагерь тәрбиешісі Әлібиге деп жиналған 4 млн теңгенің есебін талап еткен еді. Көп ұзамай Ілиясова әріптесінің сұрауына жауап берді. Ол Түсіпбаеваны сотқа беретінін мәлімдеді.