Министрдің сөзіне күмән келтірген депутат ашынып кетті
Қысқа сілтеме алу
Бүгін мәжілістегі үкімет сағатында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев ауылдарды интернетпен қамту жөнінде баяндама жасады. Алайда депутат Нұртай Сабильянов министрдің сөзіне сенбеді
НҰР-СҰЛТАН, 28 қазан – Sputnik. Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов үш мыңнан аса ауылда жоғары жылдамдықты интернет бар деген министрдің сөзіне сенбеді. Ол, тіпті әр ауылға барып, интернеттің бар-жоғына көз жеткізіп қайтуға дайын екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін мәжілістегі үкімет сағатында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев ауылдарды интернетпен қамту жөнінде баяндама жасады. Алайда депутат Нұртай Сабильянов министрдің «бүгінде 3 324 ауыл кең жолақты интернетке қосылған» деген сөзіне күмән келтірді.
«Қазір халық саны 250 адамнан асатын ауылдардың саны – 4204. Енді министрлік 2018-2020 жылдар аралығында талшықты-оптикалық байланыс желілері бойынша кең жолақты интернетті 1250 ауылға тартып отыр. 2017 жылға дейін елімізде интернетпен қамтылған 1228 ауыл болды. Екеуін қоссақ, 2020 жылға дейін 2478 ауылдық елді мекенге интернет тартылады екен. Сонда айтайын дегенім, интернетке қосылмаған 1726 елді мекен қайда кетті? Құрметті министр мырза, оны қалай қамтамасыз етесіздер? Әлде сіздер жалған ақпарат беріп отырсыздар ма?», — деп ашуланды Сабильянов.
Тағы оқыңыз: «Бүгінгі жүйе – қаскөй жүйе»: Бекболат Тілеухан қатты кетті — видео
Депутат бұған дәлел ретінде осыдан екі жыл бұрын сол кездегі ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың жауабын еске салды.
«2017 жылдың 15 ақпанында парламенттің жалпы отырысында мәжіліс төрағасы сол кездегі ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтан «бүкіл ауылдық елді мекен қай уақытта интернетпен қамтылады? деп сұраған болатын. Сол кезде Дәурен Абаев былай жауап берді: «2017-2019 жылдары 1291 елді мекен қамтамасыз етіледі, қалған 4000-ы 2025 жылға дейін қосылады деп айтқан. Оны біз ұмытқан жоқпыз. Ал сіздер екі жылдың ішінде 3324 ауылға жеткізіп жібердіңіздер», — деді мәжілісмен.
Сабильянов халық саны 250 адамнан асатын ауылдарды айтпағанда, бір мың адам тұратын елді мекендерде жоғары жылдамдықты интернет жоқ екенін алға тартты.
«2018-2019 жылдары Beeline, Кселл, Теле2 операторлары Қазақстандағы 1600 ауылды 3G интернетпен қамтамасыз етіп тастады деп жазыпсыздар. Ал мен ондай ақпаратты Beeline мен Кселл-ден ала алмадым. Сонда бұл қалай? Бізге жалған ақпараттан гөрі әр ауылда жоғары жылдамдықты интернет болғаны керек. Мүмкін ол 2020 жылдың соңына дейін аяқтала қоймас, дегенмен 2021-2022 жылдары да іске асыруға болады деп ойлаймын. Бірақ, ауылдарға барғанда, біз кей кезде интернет жоқ дегенде халықтың алдында ұятқа қаламыз. Сіздер, мына жақта қағаз жүзінде бәрін қатырып қоясыздар, ал ауылға барғанда, жоғары жылдамдықты интернет жоқ», — деп ашынды мәжілісмен.
Тағы оқыңыз: «Аллаху әкбар, ақша жоқ!»: Нығматулин бәрі керемет деген министрді сөзден ұстады
Айтуынша, интернеттің жылдамдығы жағынан Қазақстан әлемдік рейтингте былтыр 2018 жылы 57-орында болса, ал биыл 64-ші орынға сырғыған.
«Бұл жұмыстың нашарлығын көрсетеді. Сондықтан осы жағына да басты назар аудару керек, құрметті министр мырза. Егер расында да 3324 ауылда жоғары жылдамдықты интернет бар десеңіз, оны ауылдарға барып көрейік. Мен үш мың ауылды аралауға дайынмын», — деді Сабильянов.
sputniknews.kz