Министрдің «Өмір деген жизнь» сөзін әскери палаткада түсіндім – депутат

0

Мәжіліс депутаттары Максим Рожин, Болат Керімбек, Олжас Құспеков және Самат Нұртаза шекарашылармен бірге әскери өмірдің тұрмыс-тіршілігімен танысты. Бұл туралы депутат Самат Нұртаза әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. Бұл туралы Kznews.kz агенттігі Orda.kz сайтына сілтеме жасап.

«Жақында жастармен кездесіп, әскер туралы сұхбат құрып едік. Сол жиында бір жас жігіт: «Сіздер бізді әскерге баруға шақырасыздар, ал өздеріңізді әскерге шақырса барасыздар ма?» деп сұрады. Сол сөз намысты оятты. Максим Рожин Болат Керімбек Олжас Құспеков әріптестеріммен әскердің өмірін ішінен сезінейік деп, жазғы демалыстан бас тартып, өзіміз сұрандық. Енді Қазақстан Республикасы шекарашыларының тұрмыс-тіршілігін өз басымыздан өткереміз» деп жазды депутат.

Сондай-ақ ол Қорғаныс министрінің атышулы пікірін түсінгенін айтып, әскердегі әлімжеттік мәселесі бойынша түйгенін жеткізді.

«Жалпы біздің Қорғаныс министрі Руслан Фаттихұлының «Өмір деген жизнь» сөзін әскери палаткада түсіндім. Әскерилердің жауапкершіліктері ауыр. Жалақылары да айтарлықтай көп емес. Шекарашылар жеке сұхбатта 170.000-220.000тг аралығында жалақы алатынын да айтып қалды. Ең қызығы, теория жүзінде шекара бекетінің жау шапқан кездегі өміршеңдік уақыты 15 минут екен. Яғни шекара бекетінің міндеті – жауды 15 минут ұстап тұру. Болды. Ойлап қарасаң, қиын-қыстау заманда, жаумен беттесетін де осы шекарашылар. Айналамызда жүрген сарбаздардың барлығы 2003 жылы дүниеге келген жігіттер. Нағыз патриоттар. Көздерінде от. Бұйрықты екі айтқызбай орындайды. Қазақстанның әр аймақтарынан жиналған балалар. Ақырындап «Әлімжеттік» туралы сөзге тартып едім, «бізде жоқ», «білмеймін», «бұрын болған шығар» деген жауап алдым. Ләйім солай болғай. Әрине, мінез-құлқынан, сарбаздардың жүріс-тұрысынан кім «лидер», кім «момын» екені сырттай байқалады. Ер азаматтар ұжымының өз атмосферасы болатыны да анық. Мүмкіндігімізше, сарбаздардың тұрмыс-тіршілігі туралы жазармыз» деді Самат Нұртаза.

фото: KP.KZ