«Министрдің не әкімнің баласы әскерде жүр дегенді естімедім»: Ринат Зайытов қорғаныс министріне сұрақ қойды
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында баяндама жасаған қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов депутаттардың сауалына жауап берді. Депутат Ринат Зайытов министрден жоғары лауазымды тұлғалар мен олардың ұлдарына арнайы әскери дайындықтан өтуді міндеттейтін заң нормасын қарастыру мүмкіндігі туралы сұрады, деп хабарлайды Kznews.kz KAZ.NUR.KZ сайтына сілтеме жасап.
«Әріптесім Жигули Молдақалықұлы «бұл отанды біз қормағанда, кім қорғайды» деген өте жақсы сөз айтты. Сіз келтірген статистикаңызда 90 пайызы (әскерге шақырылғандардың — ред. ескертпесі) ауылдың жастары дедіңіз. Қателесуім де мүмкін, бірақ мен осы уақытқа дейін бір министрдің баласы, әкімнің баласы әскерде жүр дегенді естімедім. Осы заңның аясында жоғары лауазымды тұлғалардың не өздерін, не балаларын осы екі айлық әскери дайындыққа міндеттейтін норма қарастыруға бола ма?» — деп сұрады депутат Зайытов. Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов бұл сұраққа жауап бере келе, мысал келтіріп, шенеунік пен депутаттың балалары әскер қатарына шақырылғанын сөз етті.
«Ұлдарын әскерге жіберетін адам ол туралы жар салмайды. Отанды жүрекпен сүю керек, елге мақтан үшін емес. Мен мысал келтірейін. Бұрынғы ішкі істер министрі, генерал-полковник Қалмұханбет Қасымов — менің бұрынғы командирім өзінің екі бауырын әкеліп, менің қолыма қатардағы жауынгер ретінде қызмет етуге тапсырды. Сол сияқты құрметті сенатор, сенат комитетінің бұрынғы төрағасы Құлмұханбет мырзаның ұлы беделді мектепті бітірген соң мерзімді әскери қызметке сарбаз болды. Қазір ол — АҚШ-та әскери училищенің курсанты. Бұдан артық қандай мысал бар? Ал министрлер мен депутаттардың ұлдарына бөлек заң нормасын шығарудың еш қисыны жоқ, заң бәріне ортақ. Ол норманы қалай ұстанатынымызды, бәлкім, бірінші кезекте әркім өзімізден сұрауымыз керек шығар», — деді Руслан Жақсылықов.
фото: orda.kz