Министр жұмыссыз қалғандарға кеңес берді

0

Төтенше жағдай кезінде жұмысынан айырылған азаматтарға мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры көмек көрсетеді

НҰР-СҰЛТАН, 18 наурыз – Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов қысқартуға ұшыраған жұмысшыларға кеңес берді, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі.

Министрдің айтуынша, төтенше жағдайға байланысты мемлекеттік қызметкерлердің 70 процентін қашықтан жұмыс істеу тәртібіне ауыстыруға ұсыныс жасалды. Жеке кәсіпорындар да солай істей алады. Ал қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігі болмаса, жұмыс кестесін қысқартуға немесе қызметкерді ақылы еңбек демалысына жіберуге болады. 

«Егер жоғарыда аталған шараларды қолдануға мүмкіндік болмаса, шағын кәсіпкерлер жұмысшыларын қысқартуы мүмкін. Еңбек заңы бойынша жұмыс беруші өзінің қызметкерін қысқартатын болса, ол туралы бір ай бұрын ескертіп, оған бір айлық жалақы көлемінде өтемақы төлеуі тиіс екенін ескертеміз», — деді Нұрымбетов арнайы баспасөз мәслихатында.

Ол мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры арқылы жұмыссыз қалған азаматтарға төлемақы беру жүйесі жұмыс істейтінін де еске салды. Осы қордан алты ай бойы әлеуметтік төлем алуға мүмкіндік бар. Оның мөлшері жоғалтқан жалақының 40 процентіне дейін барады.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны 35 адамға жетті 

«Осы төлемақыны алу үшін жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелу қажет. Бұны қашықтан жасатуға болады, ары қарай проактивті түрде тиісті әлеуметтік төлем тағайындалады. Жұмыссыз қалған азамат оны алты ай бойы ала алады», — деп түсіндірді Нұрымбетов.

Коронавирус эпидемиясы

Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 35 адамға жетті. Нұр-Сұлтанда – 18 адам, Алматы қаласында – 17 адам.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен 16 наурыздан бастап Қазақстанда төтенше жағдай жарияланды. Ол 30 тәулікке жалғасады.

19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы карантинге жабылады. Президент жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия Қазақстанның басқа қалаларына коронавирустың таралуына жол бермес үшін осындай шешім шығарды.

Ішкі істер министрлігі Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласының айналасында көлік пен адам қозғалысын шектеу үшін арнайы блок-посттар орнатады. Нұр-Сұлтан мен Алматыға осы қалаларда тіркелген азаматтар ғана кіре алады.



sputniknews.kz