Министр жалақысы көтерілетін қызметкерлер туралы айтты

0

Халыққа қызмет көрсету орталықтарында жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысы қайта қаралады. Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz сайты Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

«Күн сайын маған азаматтардан түрлі тақырыпта жүздеген жеке хабарлама келеді, соның ішінде ұсыныстар мен идеялар, базалардағы ақаулар немесе интернетке қатысты шағымдар, сондай-ақ біздің қызметкерлердің өтінімдері де бар. Бұл ретте «Азаматтарға арналған үкімет» жұмысшыларынан жалақыға қатысты біраз өтініш келіп түсті», — деп жазды Мусин әлеуметтік желідегі парақшасында.

Оның айтуынша, ХҚКО қызметкерлерінің жұмысы оңай емес. Күнде мыңдаған адамға қызмет көрсетеді. Сол арқылы халықтың мемлекетке деген көзқарасы қалыптасады.

«Ал фронт-офистер мемлекеттің бейнесі, себебі ХҚКО қызметкері – мемлекеттік қызметтерді офлайн алудың жалғыз көзі. Өткен демалыста «Азаматтарға арналған үкімет» басшылығымен осы жайтты талқыладым. Әділ Кожықовқа жалақыны арттыру бойынша жоспар құруды және жалпы еңбекақы мен сыйақы жүйесін қайта қарауды тапсырдым», — деп атап өтті Мусин.

Министрдің сөзіне қарағанда, соңғы 5 жылда жалақысы өзгермеген қызметкерлер бар. Айтуынша, наурыз айында ХҚКО жұмысшылары мен олардың отбасылары оң өзгерістерді сезінуге тиіс.