Министр: Ұстаз абыройына нұқсан келтіргендер заң алдында жауап береді — Қазақстан жаңалықтары

0

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова елде ұстаз мәртебесін көтеру үшін қандай шаралар қолға алынғанын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасының «Халық қызметшілері» бағдарламасына сілтеме жасап. 

ҰстазСурет: Qazaquni.kz

Министр ұстаз мамандығының асқан жауапкершілікті талап ететін мамандық екенін айтты. Осы орайда, ол ұстаздардың тек баланың алдында ғана емес, олардың ата-анасының алдында да жауапкершілік сезінетініне тоқталды.

«Ұстаз болу – үлкен жауапкершілікті талап ететін мамандық. Өткен ғасырдың 70-жылдарында америкалықтар зерттеу жүргізген. Осы зерттеу нәтижесінде ұстаздың күніне бірнеше мың шешім қабылдайтыны белгілі болған. Көпшілік «Бұлай болуы мүмкін емес» деп айтатын шығар. Бірақ, шын мәнінде, ұстаз қандай сұрақ қоятынына дейін ойланады. Ұстаз оны қалай бағалау керектігін шешеді. Ұстаз оқушының, ата-ананың алдында жауапкершілік сезінеді. Тіпті, олардың тағдыры үшін де мемлекет пен қоғам алдында жауапкершілік алады. Әрине ұстаз ерекше құрметке ие болуы тиіс», — дейді Күләш Шәмшидинова.

Әрі қарай ол бұдан былай ұстаз құқығының толықтай қорғалатынын, осыны жүзеге асыру үшін Заң жобасы жасалып жатқанын айтты.

«Біз ұстаздың атақ-абыройына нұқсан келген кезде қалай қорғау керектігін қарастырдық. Ұстаз мәртебесін көтеріп қана қоймай, адам құқықтарын бұзу кодексіне де өзгерістер енгізу мәселесін қарастырып жатырмыз. Егер адам ұстаздың құқығын бұзып, атақ-абыройына нұқсан келтірсе, ол заң алдында жауап береді. Бірінші ретте ескерту, әрі қарай айыппұл түріндегі санкциялар. Ал егер кәмілеттік жасқа толмаған оқушы ұстазға тіл тигізсе, оның әрекеті үшін ата-анасы жауап береді. Осыны заң жүзінде бекіткіміз келеді», — дейді ол.

stan.kz