Министр үкіметте індетке шалдыққандардың жағдайы туралы айтты

0

Елде науқастармен 19 112 адам жақын байланыста болған. Оның  97 проценті табылып, оқшауланғаны хабарланды

НҰР-СҰЛТАН, 7 сәуір – Sputnik. Коронавирус жұқтырған жиырма пациенттің жағдайы нашар. Оның жетеуі жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Қазір ауруханаларда 680 науқас жатыр. Жиырма адамның жағдайы нашар, олардың жетеуі жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Кеше үш науқас осы аппаратынан алынды, жағдайы жақсарды. 88 пациенттің жағдайы орташа, 510 науқаста ауру жеңіл өтуде», — деді  Біртанов үкімет отырысында. 

Айтуынша, республикада науқастармен 19 112 адам жақын байланыста болған. Оның  97 проценті табылып, оқшауланды.

Қазіргі уақытта бүкіл ел бойынша 670 науқас індетке шалдықты. Соңғы тәулікте коронавирус жұқтырғандар саны бойынша ең үлкен өсім астана мен Алматыда емес, өңірлерде тіркеліп отыр.

Барлығы 46 адам індеттен айықты. Алты адам көз жұмды.



sputniknews.kz