Министр тұрғындардың қарсылығына қарамастан Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне көшетінін айтты
Парламент мәжілісінің отырысы аяқталғаннан кейін кулуарда сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев журналистердің бірыңғай уақыт белдеуіне көшуге қатысты сұрағына жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлады.
Бүгін парламент мәжілісінде тілшілер министрден Шығыс Қазақстан облысы тұрғындарының көбі уақыт белдеуін ауыстыруға наразылық танытып отырғанын айтып, осы мәселе ескеріле ме деп сұрады.
Арман Шаққалиев Шығыс Қазақстан тұрғындары үшін қабылданған шешім қайта қаралмайтынын айтты.
«Қаулы қабылданды және бірінші наурыздан бастап бәріміз бір уақыт белдеуінде боламыз. Шығыс Қазақстан облысындағы азаматтарымыздың мәлімдемелері мен ұстанымдарына келсек, жақында барлық аудан мен елдімекенде тұрғындармен кездестік. Дәлелді базасы бар ғалымдар тобы нақты деректерге сүйеніп, бірыңғай уақыт белдеуіне көшу қажет екенін түсіндірді», – деді Арман Шаққалиев.
Министр бірыңғай уақыт белдеуіне көшу қосымша шығындарға әкеп соқпайтынын жеткізді.
Сонымен қатар ол ел халқы пайдаланып жүрген барлық гаджетте уақыт белдеуі автоматты түрде ауысатынын атап өтті.
фото: gov.kz