Министр Тұрғымбаев тұрғындарды қабылдап жатыр

0
25

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

5 0 0

Бүгін – барлық мемлекеттік орган басшылары халықты бірыңғай қабылдау күнін өткізеді. Ішкі істер министрінің қабылдауына 100-ден астам адам жазылды

НҰР-СҰЛТАН, 21 қараша – Sputnik. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев халықтың қандай мәселелермен жиі арызданатынын айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Бүгін жеке менің қабылдауыма 102 адам жазылды. Бірақ халықты мен ғана емес, орынбасарларым, тергеу, әкімшілік полиция, криминалдық полиция және тағы басқа құрылымдардың басшылары қабылдап жатыр. Мен өзім халықты ай сайын қабылдаймын. Қанша жазылады, сонша адамды қабылдаймыз», – деді Тұрғымбаев журналистерге берген сұқбатында.

Оның айтуынша, адамдар тергеудің сапасына арызданады. Бұдан бөлек, қашып жүрген қылмыскерді ұстау, азаматтық алу, көлік рәсімдеу, құқық қорғау қызметкерлерінің әлеуметтік төлемдері, меншікті бөлу даулары, ішкі істер органдарына жұмысқа тұру және тағы басқа мәселелер бар.

«Бізде барлық аймақтармен бейнебайланыс орнатылған. Жергілікті департамент басшысына қатысты сұрақтар болса, біз бірден одан жауап аламыз. Ол тікелей байланыс арқылы мәселенің мән-жайын түсіндіреді. Сосын жергілікті жерде министрге жазылып, бейнебайланыс арқылы сауал қоюға болады. Сонда жолға кететін ақшаны үнемдеуге мүмкіндік бар», – деп атап көрсетті Тұрғымбаев.

Тағы оқыңыз: «Екі күн ішінде табыңдар»: Тұрғымбаев университет деканын ұстауды тапсырды

Министрдің сөзіне қарағанда, халықтан түсетін арыздардың 60 проценті бірден шешіліп жатады.

«Өткенде маған 57 адам жазылған. Мен таңғы сағат 9:00-де бастап, кешкі 19:30-де жұмыстан шықтым. Бүгін 102 адам, бірақ бір бөлігін менің орынбасарларым және департамент басшылары қабылдап жатыр. Олардың жауабына қанағаттанбаса, маған келсе болады», – дейді Тұрғымбаев.

Айта кетейік, ішкі істер министрі бүгінгі қабылдауды 11:30-да бастады.



sputniknews.kz