Министр Сапарбаев пен әкім Сұлтанов наразы аналар алдына шықты

0

16 мамырда Нұр-Сұлтанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысумен өтіп жатқан Астана экономикалық форумы алдына ондаған ана наразылық білдіріп келді. Форум өтіп жатқан ғимарат алдында жиырма минуттай айқайлап, талаптарын айтқандарға еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев пен Нұр-Сұлтан әкімі Бақыт Сұлтанов шықты.

Сапарбаев наразылар мәселесін жеке-жеке қарау үшін әкімдікке баруды ұсынып, аналарды автобусқа отырғызды. Министр Сапарбаев пен әкім Сұлтанов автобусқа бірге отырды. Әкімдік өкілдері әуелде Азаттық тілшілерінің автобусқа отыруына орын жетпейтінін айтып қарсы болған. Бірақ аналар «журналистер отырмаса, біз де түсеміз» деген соң тілшілерді ішке кіргізді.

Автобус ішінде аналар Сұлтанов пен Сапарбаевқа кезектесе шағымын айта бастады. Олар «Баспана! Баспана!» деп айқайлады.

Азаттық тілшісіне автобуста сұхбат берген Сапарбаев баспана алуға аналарға алғашқы жарна үшін кәсіпкерлерден көмек қарастырып жатқанын айтты. Ол «Тұрмысы төмен отбасылар мәселесі шешіледі» деді.

Тікелей эфир:

Аналар наразылығы бүгін, 16 мамырда таңертең қалалық әкімдік алдында басталған.

2018 жылы 4 ақпанда Астананың Көктал-1 шағын ауданындағы Шыңғыстау көшесінде орналасқан жеке үйдің ауласындағы уақытша баспан өртеніп, бір отбасындағы бес бала опат болған. Осы оқиғадан кейін Қазақстанда көп балалы аналар наразылығы күшейген.

Azattyq