Министр Қазақстанда хиджаб киюге қатысты мәлімдеме жасады
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева хиджабқа қатысты мәлімдеме жасады, — деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі.
«Мен министр ретінде діни тақырыпты әдейі пайдаланауға қатысты алаңдаймын. Бұл адамдардың сезімі мен сеніміне қатысты болғандықтан, болмайды. Біз және журналистер бұл тақырыпты өте мұқият қамтып, егжей-тегжейін, мән-жайын нақтылауымыз керек, өйткені қазір хиджабқа тыйым салу туралы айтылып жатыр. Бірақ бұл туралы әңгіме болған жоқ.
Әңгіме никаб, паранжа және бетті жауып тұратын, сол арқылы адамды анықтауды және сәйкестендіруді қиындататын діни киімдерге тыйым салу туралы болып отыр», — деді Балаева Tengrinews.kz тілшісіне.
Министр бетті жауып тұратын киімге тыйым салу қауіпсіздік тұрғысынан маңызды екенін атап өтті.
«Қазір әлемнің барлық өркениетті елі осы жолмен жүріп келе жатыр, қай жерде тыйым салғанын қараңыздар. Мен мемлекет зайырлық пен діни сенім бостандығы қағидаттарынан ешқашан бас тартпайтынын түсіндіргім келеді, өйткені бұл біздің Конституциямызда жазылған. Мұны қоғамға жеткізу маңызды, өйткені қазір түрлі оқулар көбейіп, халықтың бір бөлігі алаңдап, ресми өтініштер немесе кейбір петицияларға қол қоя бастайды», — деді Балаева.
Ол Мәдениет және ақпарат министрлігі дін саласындағы уәкілетті орган ретінде Үкіметке Мәжіліс пен Сенат депутаттарынан түскен өтініштерді жан-жақты зерттейтінін айтты.»
«Осы мәселелердің барлығы талқыланады, министрлік жанындағы Қоғамдық кеңес бар, сарапшылық кеңестер бар. Заңнамалық өзгерістерді талап ететін мәселелердің бәрі жай ғана қабылданбайды, бірінші кезекте сарапшылар арасында пікірталас, қоғам арасында пікірталас болады, содан кейін ғана нақты шаралар қабылданады», — деді Балаева.
Министрдің айтуынша, қоғамдағы бірлік пен қауіпсіздіктің басым мәселелері күн сайын жаңарып отырады.
«Елдегі қауіпсіздікке тек мемлекет ғана емес, әрбір адам жауапты екенін түсінуіміз өте маңызды. Бұл ақпарат таратуға, біздің іс-әрекетімізге қатысты. Бұл сұрақтар бүгін қойылды, мен осыны түсіндіргім келеді», — деді министр.
Балаева мектептерде хиджаб кию мәселесіне нүкте қойылғанын айтты.
«Біз зайырлы мемлекетпіз, мектеп формасына қатысты бірыңғай стандартты көздейтін уәкілетті органның бұйрығы бар. Сөзсіз», — деп қорытындылады Балаева.