Министр Полторанинге қатысты мәлімдеме жасады
Қазақстан мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы допинг дауына ілінген қазақстандық шаңғышы Алексей Полторанин байланысқа шыққанын хабаралады. Министрдің сөзінше, Полторанинмен Қазақстан спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Серік Сәпиев хабарласып отыр.
Министр Мұхамедиұлы журналистерге допинг қолданғандарға жаза қарастырылған заң жобасы парламентте қаралып жатқанын айтты.
— Біз [допинг қолданғандарды] жазалайтын арнайы заң қабылдап жатырмыз. Қазір ол заң парламентте жатыр. Допингпен ұсталған спортшының мемлекеттік наградалары мен мемлекеттен алған ақшаларын қайтару жағы осы заңда жазылған, — деді министр.
4 наурызда Қазақстан сыртқы істер министрлі Полторанинмен байланыс жоғын хабарлаған. Министрлік Полторанин Австриядан Ресейге ұшып кеткенін айтқан.
27 ақпанда Австрияның Зефеельд қалашығында австриялық және германиялық полицейлер допингке қарсы арнайы рейд жүргізіп, бір қазақстандық, екі австриялық және екі эстониялық шаңғышыны ұстаған. Оларға «допинг ережесін бұзды» деген айып тағылған. 28 ақпанда Қазақстан шаңғы федерациясы қазақстандық шаңғышы Алексей Полтораниннің ұсталғанын растаған.
Австрия полициясының офицері Дитер Чефан халықаралық ақпарат агенттіктеріне бір спортшыны арнайы аппаратпен қан құйып жатқан жерінен ұстағандарын айтқан.
Қазақстандық шаңғышы Алексей Полтаранин 2013 жылы Италияда өткен әлем чемпионатында 50 шақырымға классикалық әдіспен жүгіруде және командалық спринт жарысында қола медаль алған. Әлем кубогы кезеңдерінде оннан астам алтын иеленген. 2011 жылы Алматы мен Астанада өткен Азия ойындарының төрт дүркін чемпионы. 2006, 2010, 2014, 2018 жылғы олимпиада ойындарына қатысқан.
Алексей Полтаранин – Қазақстанда ерекше қамқорлықтағы спортшылардың бірі. Халықаралық жарыстарда көп үміт күттіретін, жүлде алуға мүмкіндігі мол спортшы ретінде ол ұлттық құрамадан жеке, арнайы бағдарламамен жаттығады. Бірнеше жыл бойы эстониялық бапкер Мати Алавер Полторанинді 2018 жылғы Пхенчхан олимпиадасына жеке дайындаған.