Министр: мамандардың шетелге кетуі – трагизм емес

0
109

Қазақстан қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев жас мамандардың шетелдерге кетіп жатқанына қатты алаңдамауға шақырды. Министр бұл сөзін 18 ақпан күні мәжілістегі үкімет сағатында айтқан. Ол «мамандардың кетуі – бүкіләлемдік тенденция» деген.

Кәлетаевтың сөзінше, «елден кетіп жатқандардың 70 пайызы – өзге этнос өкілдері».

Министр «бұл – қалыпты жағдай, адамдар өзінің тілдік ортасын, шығу тегін іздеп кетіп жатыр. Бұдан трагизм сезінбеуіміз керек» деген.

Бірақ министрдің сөзімен кейбір депутат келіспеді. Мәжіліс спикерінің орынбасары Гүлмира Исимбаева «Қазақстанның ерекшелігі – көпұлтты ел, сондықтан оны сақтауымыз керек» десе, депутат Ахмет Мурадов та әріптесінің сөзін қолдап, Қазақстанда көпұлттың сақталуы «стратегиялық ресурс» екенін айтқан.

Ресми мәлімет бойынша, 2012 жылдан бастап Қазақстаннан кетіп жатқандар күрт көбейген.

Статистика комитетінің дерегінше, 2018 жылы елден кеткендер 40 мың адамға жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 11 пайызға артқан. Олардың көбі Ресейге көшкен.

Азаттық