Министр креслосында 542 күн отырған Цой үмітті ақтады ма?

0
472

Президент Жарлығымен Алексей Цой отставкаға кетті. А.Цой ДСМ басшысының орынтағына 2020 жылы 25 маусымда ғана отырған еді, яғни лауазымын 542 күн атқарды. Бірақ мерекелік күндер мен демалыстарды алып тастағанда, небәрі 365 жұмыс күні қа­ла­ды. Тура 1 жыл. Ғаламат жоба, іргелі бетбұрыс жасауға бұл мерзім жет­кі­лік­сіз секілді. Дегенмен Цой мырзаның министр ретінде нендей өз­герістер жасағанын, нені орындау қолы­нан келмегенін сараптап көрдік.

Саясаттанушылар мен сарап­шылар кешелі бері Денсаулық сақтау министрінің жұмысынан босатылуының астар-мәнісін іздеп, жорамал құруда. Министр­ліктегілер оның өз еркімен кет­кенін хабарлады: осыны сұрап, біраз бұрын өтініш жазған көрінеді. Қаңқу сөзге дем бермеу үшін Алексей Цой кеше не себепті биік лауазымды тәрк еткенін өзі түсін­дірді. Айтуынша, мемлекеттік қыз­метті тастап, азаматтық сек­тор­ға түбегейлі ауысуға шешім қа­былдапты. Енді ғылыммен, әлеу­меттік бастамалармен айна­лы­сып, сол арқылы денсаулық сақ­­тау жүйесін дамытуға үлес қос­пақ. Әйтсе де, нақты қандай жаңа жұмыс тапқанын айтпады: «Таяу уақытта еңбек жолымның жаңа бағдарын айқындаймын. Алда жаңа жобалар күтіп тұр», – деп қысқа қайырды. Рақым Ошақбаев Цойдың былтыр министр болғысы келмегенін, ел басшылығы міндет қойған соң көнгенін айтады.

Өзге сарапшылар А.Цой ми­нистр болғалы қазақстандықтар оның отставкаға кетуін талап етіп, бірнеше рет петиция жазғанына назар аудартады. Осыған қарашада пікір білдірген Алексей Цой елдің бұл талабын сабырлы қабыл­дайтынын, оған ренжімейтінін жеткізді, яғни осыдан бір айдай бұрын ол қызметінен кету ниеті жоғын білдірген.

Одан ертеректе, Үкіметтің ке­ңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев бастау алған вакцина салу науқаны сәтсіздікке ұшыраса, ДСМ тиісті шара қабыл­дамаса, министр Цойдың лауазы­мынан айырылатынын қатаң ес­керткен-тін. ДСМ бас­шысы сон­дай-ақ Мәжіліс депутат­тарының да қатаң сынына ұшы­рады. Осы жағдайдың бәрі жинақтала келе Цой мырзаны мемлекеттік қыз­меттен кетуге итермелегенге ұқ­сайды.

Не бітірді?

Министр болғалы не бітіргені жайында Алексей Цойдың өзі айтып берді. Басты бір жетістігі ретінде елдегі коронавирус інде­тінің таралу қарқынының айтар­лықтай бәсеңдегенін атады. Ми­нистрліктің ресми мәліметінше, 20 желтоқсандағы жағдай бойынша бір тәулік ішінде 379 адам коро­навирус жұқтырған, 2 адам қайтыс болған. Салыстыру үшін айтсақ, 2021 жылғы 29 шілдеде Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқ­тырғандар саны бір тәулікте 7 778 адамға жетіп, рекорд орнатылды. Яғни, індеттің таралу жылдамдығы бүгінде 20,5 есеге төмендеген.

Алексей Цой келесі жетістігі ретінде денсаулық сақтау жүйесінің әлеуеті көтерілгенін атап өтті.

«Біз эпидемиологиялық қауіп-қатерлерге үн қату үшін қажетті шарттарды түздік: әрбір өңірде жаңа инфекциялық ауруханалар тұрғызылды, жедел жәрдем ма­шиналарының паркі жаңғыр­тыл­ды. Ауылда ӨЖЖ аппараттары, жыл­жымалы медициналық кешен­дер пайда болды. Отандық фар­мацевтикалық өнеркәсіп өндіріс­тің жоғарғы өсімін паш етіп келеді. Дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың тиісті қоры жасалды. Санэпидемқызметтің және зерт­ха­налық қызметтің әлеуеті күшей­тілді. QazVac вакцинасы шыға­рылуда. Қысқа уақыт ішінде денсаулық сақтау саласы нығайды. Медицина қызметкерлерінің жа­ла­қысын жүйелі негізде жоғары­латуға қол жеткіздік», – деді Алексей Цой.

Бұдан бөлек, жетістіктер қа­тарында түрмелердегі медқызметті ІІМ-нен ДСМ-ге беруді, фар­мөнеркәсіпті дамытуды, биология­лық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді және медқызметкерлердің мәр­тебесін көтеруді қарастыратын заң жобаларының әзірленуі бар екен. Мембағдарлама орнын басқан «Саламатты ұлт» ұлттық жобасы қабылданды.

Денсаулық сақтау саласында Цой билік еткен кезең мобильді бригадалар дәуірі ретінде де есте қалмақ. Коронавирус жұқтырған азаматтарға жедел жәрдем емес, бригада келетін болды. Министр Цой мобильді медицинаны бел­сенді енгізді. Үйде медициналық көмек көрсету үшін мобильді бри­га­далардың саны 3 мың 700-ге жетті, оның 49%-ы ауылда. Бұл ретте 2020 жылы олар 750 мыңнан астам медициналық қызмет көр­сеткен. 2021 жылғы жартыжылдық­та олар 1,2 миллион рет шақыру­ларға аттанған. Осы құрылым КВИ жұқтырған науқастарға үй жағ­дайында медициналық көмек көрсетуде маңызды рөл атқарды.

Осы кезеңде ауруханаларға қарағанда, емханалар күшейтілді: денсаулық сақтауға бөлінген қара­жаттың жалпы көлеміндегі ал­ғашқы медициналық-санитарлық көмекті қаржыландырудың үлесі 52,4%-ға дейін жеткізілді.

Не бітіре алмады?

Медицина ғылымдарының кандидаты Сәбит Камалиев ден­саулық сақтау саласын толық ци­фрландыруға осымен үшінші ми­нистрдің тісі батпағанын айтады. Медұйымдардың компьютермен толық жабдықталмағанына, дә­рігерлердің компьютерде есеп толтыруға көп уақыт кетіретініне көп сын айтылып жүр. Ел бұрын­нан жарнамаланған электронды денсаулық паспортына әлі күнге түбегейлі көшкен жоқ.

«Бірақ цифрландыру – тек компьютер не электронды паспорт қана емес. Мысалы, ДСМ мәлі­метінше, 2021 жылдың 11 айында облыстық ауруханалар мен респуб­ликалық клиникалар 19 040 те­леме­дициналық консультация өткізді. Оның 15 669-ы – облыстық ауруханалардың, 3 371-і – респуб­ликалық клиникалардың енші­сінде. Айталық, биылғы І жарты­жылдықта тек МӘМС аясында ғана ауруханалар мен клиникалар 41,1 миллион консультация өткіз­ген. 558 мың операция жасалған. Яғни, телемедицинаның үлесі бар-жоғы 0,05% ғана болып тұр. Те­лемедицина көмегімен жасалған ота жоқтың қасы», – деді сарапшы.

Негізі, пандемия дәуірінде дәл осы телемедицина қарыштап дамуы тиіс еді. Олай болмады.

А.Цойдың министр кезіндегі қызметін бағалаған саясат­тану­шылар оның коронавирус пан­де­миясын тоқтатуға сіңірген еңбегін атап өтуде. Бірақ саясаттанушы-ғалым Зейін Сабырқұлов мұны жетістік санамайды: «А.Цой ми­нистр болған күні, яғни былтырғы 25 маусымда Қазақстанда бір тәулік ішінде КВИ жұқтырудың 520 дерегі тіркелгені есте. Ол кезде бүкіл республика бойынша коро­навируспен ауырғандар саны 19 285 болатын. Цой тұсында бұл сан миллионға жуықтады (983 мың). Яғни, ол келгелі елдегі эпидемия­лық ахуал өте нашарлады. Анти­рекордтар жасалды. Оның үстіне, індеттің келесі жылы қайта өрші­мейтініне еш кепіл жоқ. Демек, Цой жеңімпаз ретінде кетіп бара жатқан жоқ», – дейді ол.

Министрдің түбіне Pfizer жетті ме?

Экс-министр халықты вакци­нациялау ісін аяғына дейін жеткізе алмады. Жыл басында ВАК ұсыны­мына сүйене отырып, ел басшы­лығы ДСМ алдына биылғы 1 қыр­күйекке дейін 10 миллион адамды вакцинациялау міндетін қойды. Бұл міндет әлі күнге орын­далмады! 2021 жылғы 20 желтоқ­сандағы мәлімет бойынша, Қа­зақстанда 8 899 669 адамға ғана вакцинаның І компоненті салын­ған. Осы кезең­де ВАК ДДСҰ ұсы­нымын басшы­лыққа ала отырып, вакцинациялауға жататын тұрғын­дар санын 11 миллионға дейін арт­тырды. Мұның сыртында бала­лар, жүкті және жас босанған ана­лар да вакцина алатын контингент қатарына қосылды. Яғни, меже алыстай түсті.

Ведомствоаралық комиссия­ның дерегінше, 19 желтоқсанда Pfizer-дің «Комирнати» вакцина­сының 1 дозасын жалпы саны 213 251 адам еккізген. Оның ішінде 169 430-ы – жасөспірім, 12 665-і – жүкті әйел, 31 156-сы – бала емізе­тін әйел. Қазақстандықтардың үл­кен бөлігі америкалық-герма­ниялық осы вакцинаны асыға күт­кені мәлім. Алайда ол келге­німен, егілу қарқыны өте төмен. Бір тәулік ішінде Pfizer вакцинасын небәрі 3 153 адам ғана салғызған. Неге?

Мұның мәнісі қарапайым: Қазақстанда Pfizer екпесі балалар мен аналардың шектеулі санатына ғана егіледі. Өзге адамдардың тіпті ақылы негізде вакцина алуына жағдай жасалмады. Салдарынан шетелде оқитын студенттер, іссапарға шығатын қызметкерлер мен кәсіпкерлер, Еуропа мен Америкаға саяхаттайтын туристер, соларда жұмыс істейтін мигрант-азаматтар зардап шекті. Мысалы, Райгүл Нұрмұхаметқызы умра, кіші қажылық жасау үшін Pfizer-мен егілу қажет болғанын, Сауд Арабиясы біздегі басқа вакцина­ларды мойындамайтынын айтады.

Бизнесмендер, қарапайым адамдар Pfizer-ді салғызу үшін Өзбекстанға сапарлап жүр. Яғни, Қазақстан вакциналық туризмді дамыту мүмкіндігінен айырылып қалды. ДСМ «ақылы негізде егу үшін вакцинаның қосымша кө­лемін жеткізу» жөнінде Pfizer-мен келісімге келе алмапты, келіссөз жалғасуда. Ақылы егу кабинеттері арқылы вакцинациялау тетіктері де әзірленбеген.

ДСМ-нің тағы бір міндетті жар­ға жыққаны анықталды. Прези­денттің тапсырмасымен 2019 жыл­ғы шілдеден бастап дәрі­ханалар­дағы барлық дәрі-дәр­мектің шекті бағалары бел­гіленді. Бұл медика­менттер саласындағы қымбатшы­лықты құрықтау үшін қажет еді. «Медициналық-фарма­цевтикалық ақпарат орталығы» сараптамалық компаниясының өкілі Роза Орман­таеваның ай­туынша, «бағаны мемлекеттік реттеу күткендей нәтиже бермеді, қайта ол бағаның негізсіз өсуіне түрткі болды». Салдарынан енді келесі 2022 жылдан бастап бағалар еркіне жіберілетін болды. Бұл дәрі-дәрмектің, дәрумендердің күрт қымбаттауына әкеліп соқтыруы мүмкін.

Ендеше жаңа министрге бәрі­бір ауыр мұра қалып тұр. Жағдайды түзеу үшін қанша уақыт қажет болатыны белгісіз.

aikyn.kz