Министр коронавирус салдарынан жұмыссыз қалған адамдарға не істеу керектігін айтты

0

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс берушілерден үйде балаларымен қалуға мәжбүр ата-аналарға ақылы еңбек демалысын беруді сұрады

НҰР-СҰЛТАН, 16 наурыз – Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов коронавирус індеті салдарынан жұмыссыз қалған адамдарға не істеу керек екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Егер сіз жұмысыңыздан айырылып қалсаңыз, себептеріне қарамастан, мемлекеттік сақтандыру қорынан алты ай бойы әлеуметтік төлем алуға құқылысыз. Әлеуметтік төлемнің мөлшері орта есеппен сіздің жоғалтқан жалақыңыздың 40 процентін құрайды», — деп түсіндірді Нұрымбетов.

Ол үшін жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркелу керек. Осыдан кейін әлеуметтік төлем тағайындалып, алты ай бойы төленеді.

Сонымен қатар, бұған дейін президент коронавирусқа байланысты үйде балалармен бірге қалуға мәжбүр ата-ананың біреуіне ақылы еңбек демалысын беру жөнінде жұмыс берушілермен келісуді тапсырған еді.

«Бізде еңбек кодексіне сай кез келген жұмыс істейтін азаматтың жылына бір рет ақылы еңбек демалысына шығуға мүмкіндігі бар. Ол үшін әр мекемеде кесте жасалады. Демалыс кесте бойынша немесе кестеден тыс берілуі мүмкін. Осы жағдайда біз жұмыс берушілерден баласына қарауға мәжбүр болған қызметкерлерге жылына берілетін ақылы еңбек демалысын қазір беруді сұраймыз», — деді Нұрымбетов астанада өткен брифингте.

Бірақ, жұмыс беруші қызметкерден отбасының басқа мүшелері еңбек демалысына шықпағаны туралы немесе жанұяда жұмыссыз жүрген азаматтар жоқ екені туралы анықтама талап етуге құқылы.

«Ал енді мұның бәрін іске асыра алмай, тек жұмысшыларды қысқартуға мәжбүр болатын жағдайда мынаны ескерткім келеді. Еңбек заңы бойынша жұмыс беруші қызметкерін қысқартса, бір ай бұрын ескертуге міндетті. Қысқартылған жағдайда бір айлық мөлшерінде өтемақы төленуі тиіс», — деді министр.

Қазақстандағы төтенше жағдай режимі

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемдік коронавирустық пандемия туралы жариялағаннан кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елде көпшілік шараларды өткізуді шектеуге тапсырма берді.

Ал 13 наурыз күні Қазақстанда коронавирустық инфекцияның алғашқы екі жағдайы тіркелді.

Бүгінде олардың саны тоғызға жетті: жетеуі Алматыдағы ауруханада, екеуі Нұр-Сұлтан қаласында.

15 наурыз, жексенбіде мемлекет басшысы елде төтенше жағдай жариялау туралы жарлыққа қол қойды. Ол 16 наурыздан басталып, 15 сәуірге дейін жалғасады.

Кейін Тоқаев Қазақстан халқына үндеуінде егер қажет болса, төтенше жағдай режимі ұзартылуы мүмкін екендігін айтты.



sputniknews.kz