Министр халық санағы үшін сатып алынатын планшеттер кейін кімге берілетінін айтты
Қысқа сілтеме алу
Қазақстанда 2019 жылға жоспарланған халық санағы 2020 жылға шегерілген болатын
НҰР-СҰЛТАН, 17 сәуір – Sputnik. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов келесі жылға қалдырылған халық санағына дайындық жүріп жатқанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Дайындық жүріп жатыр. Халық санағын келесі жылы өткізу жоспарланып отыр. Бұл ретте цифрлық технологияларға баса мән берілуде. Қазір өңірлерде кең жолақты интернет мәселесі шешіліп жатыр», — деді Дәленов мәжіліс кулуарында.
Ол халық санағына қарай шалғайдағы аудандардың басым бөлігі интернетпен қамтылатынын атап өтті. Айтуынша, бұл санақты сапалы өткізуге және жиналған ақпаратты жылдам өңдеуге мүмкіндік береді.
Дәленовтің ойынша, халық санағына бөлінетін ақша өзгеріссіз қалуы мүмкін.
«Көреміз, мүмкін үнемдеп те қалуға болатын шығар. Технологиялар жыл сайын арзандап жатыр. Мәселен, осыдан он жыл бұрын санақ кезінде ақшаның біразы қағаз сатып алуға жұмсалған еді. Бұл жолы қағазды мүлдем сатып алмаймыз. Тек жекелеген құжаттарға ғана аламыз», — деді министр.
Ол халық санағы үшін сатып алынатын планшеттердің кейінгі тағдыры туралы айтты.
«Планшеттер кейін мектептерге, әкімдіктер мен ауруханаларға беріледі», — деді Дәленов.
Айта кетсек, Қазақстанда 2019 жылға жоспарланған халық санағы 2020 жылға шегерілді.
sputniknews.kz