министр грантқа қалай түсе алмағанын айтты
Қысқа сілтеме алу
Білім және ғылым министрі ұстаздарды, оқушылар мен ата-аналарды соңғы қоңырау мерекесімен құттықтады
НҰР-СҰЛТАН, 25 мамыр – Sputnik. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов түлектерді ештеңеден қорықпауға шақырып, өзі де мектеп бітірген соң, бірден грантқа түсе алмағанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Министр мұғалімдер, оқушылар мен ата-аналарды соңғы қоңырау мерекесімен құттықтады.
«Барлығымыз үшін 25 мамыр ерекше жағдайда өтіп жатыр. Әлемдік пандемия біздің күнделікті өмірімізді түбегейлі өзгертті. Биылғы оқу жылы 4 миллионнан астам оқушы мен студенттің есінде қашықтан оқу форматына көшумен сақталады деп ойлаймын. Қысқа уақыт ішінде барлығыңыз жұмысты дұрыс ұйымдастыра білдіңіздер. Бұл мұғалімдердің, оқушылар мен ата-аналардың бірлескен әрекетінің нәтижесі деп білемін», — деді Аймағамбетов бейнеқұттықтауда.
Ол қашықтан оқыту форматы Қазақстанның білім саласында бұрын-соңды болмаған оқиға екенін атап өтті.
Аймағамбетов 2020 жылдың түлектеріне жеке тоқталды. Министр мектеп бітірушілерді ештеңеден қорықпай, мүмкіндіктерді пайдалана білуге шақырды.
Тағы оқыңыз: Білім басқармасы 1-сыныпқа қабылдау тәртібін түсіндірді
«Алған беттен қайтпау өте маңызды екенін өз басым білемін. Нақты қадам жасап, ойыңыздағыны іске асыру керек. Мәселен, мен мектеп бітірген соң, бірден бір жылдың ішінде грантқа түсе алмадым. Одан ұялудың еш қажеті жоқ. Менің алдымда екі таңдау болды: біріншісі, ақылы түрде оқу, екіншісі бір жыл дайындалып, келесі ҰБТ-ны қайта тапсыру. Сол кезде бір жыл дайындалып, тесті қайта тапсырам деп шешім қабылдадым. Бір жыл уақытымды табанды дайындықпен жұмысқа арнап, нәтижесінде келесі жылы армандаған грантқа қол жеткіздім», — деді ол.
Министр ҰБТ түлектердің өміріндегі ең жеңіл емтиханның бірі болатынын айтты.
Сондай-ақ, ол түлектерді қателік жасаудан қорықпай, керісінше, одан сабақ алуға үндеді.
«Кішкентай кезімізден бізді қателік жасау дұрыс емес, кешірімсіз деп сендірген. Мектеп қабырғасынан бастап қателік жасамау біздің санамызға құйылып келді. Табысты адам ешқашан қателеспейді деген қате ұғым екенін айтқым келеді. Бәрі қателік жасайды, бастысы – одан сабақ алып, тәжірибе жинақтау. Қателік жасап, бәрін қайта бастаудан қорықпау қажет», — деп кеңес берді ведомство басшысы.
Айта кетсек, биыл коронавирус індетіне байланысты 1-10 сынып оқушылары үшін соңғы қоңырау онлайн режимде өтті.
Мектеп түлектері үшін аттестат табыстау және соңғы қоңырау мерекесі 3-4 маусымға жоспарланған. Оқу мекемелерінің әкімшілігі іс-шараны мектеп ауласында ұйымдастырады.
Ұлттық бірыңғай тестілеу дәстүр бойынша маусымның соңы мен шілденің басында өтеді.
sputniknews.kz