Министр елімізде «ақылды қалалар» қалай дамып жатқанын айтты
Астана, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев елімізде «ақылды қалалар» қалай дамып жатқанын айтты айтты.
«McKinsey сарапшылары 2020 жылы әлемдегі смарт қалалардың саны 600-ге жетеді деген болжам жасады. Ал тағы 5 жыл өткенде бұл шаһарларда Ішкі жалпы өнімнің 60% өндіріледі. Кейбір елдердің халықаралық тәжірибесіне сүйене отырып, біз өзіміздің ақылды қалалар құрудың концепциясын жасадық. Бұл бойынша 5 негізгі бағыт белгіленді: білім, денсаулық сақтау, қауіпсіздік, көлік және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы. Қазіргі күні еліміздің барлық облыстарының және Астана, Алматы мен Шымкент қалаларының әкімдіктері осы салалар бойынша жобаларды жүзеге асырып жатыр. Мысалы, Астанада «Сергек» жүйесін пайдалану арқылы жол көлік оқиғалары 16%-ға төмендеді. Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы саласы бойынша Алматыда қала көшелерін ақылды жарықтандыру жүйесі электр қуатын 40%-ға үнемдеген. Еліміздің барлық аймағында мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде баланы қабылдау үрдісі автоматтандырылған», — деді Абаев Мәжілісте өткен «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы туралы Үкімет сағатында.
Бұған дейін министр «озық білімді ІТ-мамандарымызды уысымыздан шығарып алмауымыз керек» деген болатын. Сондай-ақ, елімізде автомобиль және металлургия саласын роботтандыру мүмкіндігі жоғары екенін айтқан еді. Және де министр болашақ мамандықтарды атаған болатын.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ