Министр Біртанов неге алаңдап отырғанын айтты
Қысқа сілтеме алу
Әлем елдерінде вирус жұқтырған науқастардың ішінде дәрігерлер бар екенін атап өткен министр, ендігі мәселе оның мән-жайын анықтап, қайталанбауын қадағалау керектігін айтты
АЛМАТЫ, 16 сәуір – Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов «Коронавирус: не істеу керек» бағдарламасында Қазақстанда коронавирустың таралу деңгейі мен оған қарсы күресу әдістері жайлы, ауруханалар жұмысының жаңа ережесіне қатысты сауалдарға жауап берді.
Министрдің айтуынша, Алматы қаласында науқастар санының күрт артуы алдын ала болжанған жайт және емдеу барысында ешқандай жаңылыс жоқ.
«Алматыда және басқа да өңірлерде инфекцияның даму қарқыны іс жүзінде күтілген, болжанған жайт. Бұл ауру адамнан адамға байланыс кезінде жұғады. Сондықтан бірінші міндет – тұрмыстық байланысты азайту. Карантиннің бұл тұста көп көмегі тиді. Алматыда инфекцияның жұғу деңгейін айтарлықтай төмендеттік», – деді министр.
Денсаулық сақтау министрінің сөзінше, Қазақстан ауру таралуының екінші сатысына көшті.
«Біз екінші сатыға көштік, бұл – карантинге шықпаған ұжымдардағы инфекция ошақтарын анықтау. Бұған медицина қызметкерлері, полиция, сондай-ақ оқшаулауға алынған топтар жатады. Сонымен қатар бұл топқа тергеу изоляторлары, қарттар үйлері де кіреді», – деді Біртанов.
Кейбір тәсілдер өзгертілді
Сонымен қатар министр медицина қызметкерлерінің ауру жұқтырғанына тоқталды. Айтуынша, барлық елде ақ халаттылардың дертке шалдыққаны тіркелген.
«Аурудың медициналық ұйымдарда тіркелгені бізді алаңдатады. Бір жағынан бұл күтілген. Барлық елде науқастардың қандай да бір пайызы – дәрігерлер, соған қарамастан біз үшін бұл төтенше жағдай. Бастысы мәселенің мән-жайын анықтау, себептерін түсініп, қайталанбауын қадағалау. Осыған орай, тиісті қорытындылар жасадық. Белгілі бір тәсілдер өзгерді», – деді министр.
Оқи отырыңыз: Алматыда аурухананың бас дәрігері қызметінен кетті
Министр аурудың таралуына байланысты әр кезеңнің өз күрес жолы бар екенін айтты. Қаңтарда бір тактикамен жұмыс жүргізілсе, ақпан айында басқа тәсілдер қолданылған. Ал қазір әлемде және елде індеттің кең таралуына байланысты күресу жолының келесі саты жүзеге асырылады.
«Алматы және Нұр-Сұлтанда науқастармен жұмыс істеу үшін жұқпалы аурулар ауруханасынан басқа да ауруханалардың қызметкерлерін тартамыз. Өйткені, жүкті немесе жарақаттанған адамдар, инфаркт, инсульт алған науқастардың инфекция жұқтырып алу жағдайы көбеюі мүмкін. Ал мұндай науқастарды жұқпалы аурулар ауруханасында емдеу мүмкін емес», – деп түсіндірді министр.
Сол себепті қазір әр аймақта көпбейінді ауруханалар жұмысын инфекциялық аурухана форматында жұмыс істеуге қайта жасақтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Болжам қандай
Сонымен қатар министр инфекция таралуының шыңы сәуірдің орта тұсына дөп келетіні болжанғанын айтты.
«Иә, біз індеттің шыңы сәуір айының ортасына тура келеді деп болжадық. Барлық ел осы кезеңнен өтті, сондықтан жалпы эпидемиологиялық механизмдерді ескере отырып болжам жасаймыз. Біз қазір осы шыңнан өтіп жатырмыз. Наурыз-сәуір-мамыр айында 3 мыңнан 3,5 мыңға дейін науқас болады деп болжадық», – деді ол.
Сонымен қатар министр дәл қазір коронавирус инфекциясымен жиырма мыңнан аса медицина қызметкерінің жұмыс істеп жатқанын айтты.
Оқи отырыңыз: Біртанов: Коронавирус – емделетін инфекция
«Министрліктің 240 мың медицина қызметкері бар. Мен оларды өте қатты бағалаймын әрі құрметтеймін. Егер менің еркімде болса барлығына үстемеақы берер едім. Наурызда 20 мыңға жуық медицина қызметкері коронавируспен күреске жұмылдырылды, ал қазір олардың саны артты», – деді Біртанов.
sputniknews.kz