Министр Біртанов митинг өткізуге үзілді-кесілді қарсылық білдірді

0
0

Денсаулық сақтау министрі қазіргі жағдайда митингіге үндеу халықтың өміріне қауіп төндіретін шараға жинаумен бірдей екенін атап өтті

НҰР-СҰЛТАН, 4 маусым – Sputnik. Митингіде коронавирус тез таралып кетуі мүмкін. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Карантин әлі біткен жоқ. Көпшілік шараларға тыйым салынған. Себебі инфекцияның таралу қаупі бар. Сондықтан заң талаптарын орындау қажет. Ал заң бойынша пандемия кезінде бас санитар дәрігердің талаптарын міндетті түрде орындау қажет. Оны бұзғандарға әкімшілік шара қарастырылған», – деді Біртанов бүгінгі онлайн брифингте.

Осы орайда министр митинг ұйымдастырушыларға ондай шараларды кейінгі шегеруге кеңес берді. Себебі қазіргі жағдайда митингіге үндеу халықтың өміріне қауіп төндіретін шараға жинаумен бірдей болады.

«Ондай жерде коронавирус тез таралып кетуі әбден мүмкін. Сондықтан біз дәл қазір митинг өткізуге үзілді-кесілді қарсымыз. Бәрін заң аясында жасау қажет», – деп атап өтті Біртанов.

Митинг туралы заң өзгерді

25 мамырда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бейбіт жиналыстарды өткізу туралы заңға қол қойған болатын. Оған сәйкес, енді бейбіт жиын үшін әкімдіктен рұқсат алудың қажеті жоқ, жергілікті атқарушы органға алдын ала хабар беру жеткілікті.

Митингілер әкімдіктер анықтайтын арнайы орындарда өтуі тиіс. Бейбіт жиын өткізуге арналған орын міндетті түрде елді мекеннің орталық бөлігінде орналасуы шарт.

Сонымен қатар, митингіге қатысушыларға өз денсаулығын сақтау мақсатында жеке қорғаныш құралдарын пайдалануға, соның ішінде бетін бүркемелеуге рұқсат етіліп отыр.

Бұдан бөлек, бір адамдық пикеттерді үкіметтік ғимараттардың алдында өткізуге тыйым салынбаған.

Оқи отырыңыз: Коронавирустың екінші толқыны басталып кетті – Біртанов 

Бейбіт жиындар туралы хабар берудің мерзімі де едәуір қысқарды. Енді митинг немесе пикет өткізу үшін билікке бес күн бұрын хабарлау қажет. Ал жергілікті атқарушы орган үш жұмыс күні ішінде жауап беруге міндетті.

Демонстрация немесе шеру өткізуді келісу туралы өтініш беру мерзімі 15 жұмыс күнінен 10 жұмыс күніне дейін қысқарды. Ал өтінішті қарау мерзімі 10 жұмыс күнінен 7 жұмыс күніне дейін азайды.

Бейбіт жиналысқа қатысып жатқан адам заңбұзушылық жасаса, ол бейбіт жиналысты тоқтатуға негіз болып табылмайды. Митинг кезінде қатысушы немесе қатысушылар тарапынан орын алған заңбұзушылық жойылса, митингіні әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік беріледі.

Мүгедек балалардың аналары көшеге шықты

2 маусымда коронавирус пандемиясына және бұқаралық шараларға тыйым салынғанына қарамастан, балалы әйелдер елорданың орталығына жиналды. Кем дегенде елу әйел пәтер беруді талап етіп, рұқсат етілмеген митингіге шықты. Наразылық білдірушілер – көпбалалы және мүгедек балалардың аналары, кейбірі кәмелетке толмаған баласын өздерімен бірге алып келді.

Sputnik Қазақстанға қала әкімдігі хабарлағандай, әйелдер күндіз министрліктер үйінің жанында, содан кейін жағалауда жиналған, кейін полициямен бірге Республика даңғылына қарай бет алды.

Митинг болған жерге тәртіп сақшылары да келді. Бірақ ешкімді ұстап әкеткен жоқ.



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз