Министр: Бірнеше өңір бюджетін толық игере алмай отыр

0

Астана, BAQ.KZ тілшісі. 2018 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша жергілікті бюджеттің 28 млрд теңгесі игерілмеген. Бұл туралы Қаржы министрі Әлихан Смайылов Үкімет отырысында мәлімдеді.

Есепті кезеңде жергілікті бюджеттерге 698 млрд теңге нысаналы трансферттер бөлініп, 668 млрд теңге (95,6%) жергілікті органдармен игерілген. Атқарылмаған 30 млрд теңгенің 2 млрд теңгесі – үнемдеу сомасы.

«28 млрд теңге игерілмеді. Бұл өткен жылдың 11 айындағы көрсеткіштен 34 млрд теңгеге аз. Игерілмеудің ең ірі сомалары келесі өңірлерде қалыптасты: Астана қаласы, Түркістан, Кызылорда, Шымкент қаласы және Маңғыстау, Павлодар облыстары», — деді Қаржы министрі.

Оның айтуынша, бюджет қаржысы орындалатын жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің және жеткізілетін тауарлардың бекітілген кестеден кеш қалуы себебінен игерілмеген.

«Жақында болған бюджеттің шығыстарын түзету кезінде біз жергілікті органдардың талаптарын толық ескердік. 8 млрд теңгеге нысаналы трансферттердің көлемі қысқартылды. 1,8 млрд теңге өңірлер арасында қайта бөлінді. Сондықтан бөлінген трансферттердің жергілікті органдармен толық игерілуіне барлық жағдай жасалды деп айтуға болады», — деді Смайылов өз сөзінде.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі ЖІӨ-нің тұрақты екенін айтқан болатын.Сонымен қатар, экономикалық өсім бойынша артта қалған өңірлер саны артқанын және орташа жалақы 159 мың теңгені құрағанын айтса, Ұлттық банк төрағасы «7-20-25» бағдарламасы бойынша қанша өтініш мақұлданғанын жеткізген болатын. Ал Смайылов республикалық бюджетке 5 трлн теңге кіріс кіргенін және мемлекет қаржысын игермей отырған әріптестерін атады.














Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Дереккөз: BAQ.KZ